Ауыл шаруашылығы министрі елімізде қант өндіру саласы қалай дамитынын айтты

Жыл соңына дейін 295 млрд теңгеге 237 инвестициялық жоба іске асырылмақ.

Азық-түлік бағытындағы импортты алмастыру мәселесі кешенді түрде шешілетін болады. Бұл орайда қант тапшылығын болдырмау мақсатында нақты қандай жұмыстар атқарылатынын Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды qazaq.today сайты Azattyq Ruhy тілшісіне сілтеме жасап.

Министрдің мәлімдеуінше, 2022 жылдың соңына дейін агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бойынша 295 млрд теңге сомасына 237 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр, оның ішінде импортталатын позициялардың 6 түрі бойынша 128,5 млрд теңгеге 81 жоба іске асырылмақ. Ол үшін осы жобаларға жеңілдетілген кредит беру, субсидиялау, жер ресурстары мен инфрақұрылым беру жұмыстары қамтылады.

«Ал елді қантпен қамтамасыз ету мақсатында жаңа суармалы жерлерді енгізу, су үнемдейтін суару технологияларын енгізу, тұқым шаруашылығын дамыту, сондай-ақ қант қызылшасын өңдейтін қолда бар қуаттарды техникалық және технологиялық қайта жарақтандыру және қант зауыттарын салу мен жаңғырту есебінен қант қызылшасының егіс алаңдарын кеңейту арқылы шикізат базасын ұлғайтуды көздейтін қант саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспар әзірленеді. Тиісінше, қант саласын мемлекеттік реттеу және қолдау шаралары күшейтілетін болады», — деп сендірді ведомство басшысы.

4