Дастан Рыспеков Ұлытау облысының әкімі болып тағайындалды, деп хабарлайды Qazaq.today.
«Мемлекет басшысының жарлығымен Рыспеков Дастан Адайұлы Ұлытау облысының әкімі қызметіне тағайындалды», — делінген хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін Президент Берік Әбдіғалиұлын Ұлытау облысының әкімі қызметінен босатқан болатын.
Дастан Рыспеков 1984 жылы Қарағанды облысында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Алматыдағы Қазақ гуманитарлық заң университетін (КазГЮУ) бітірген.
Еңбек жолын 2006 жылы Алматы қаласы экономика және бюджеттік жоспарлау департаментінің кірістер болжамдары бөлімінде бас маман ретінде бастаған.
2007-2016 жылдары Алматы қаласы экономика және бюджеттік жоспарлау департаментінде, Алматы қаласының ревизиялық комиссиясында және Республикалық бюджеттің орындалуын бақылау жөніндегі есеп комитетінде басшылық қызметтер атқарған.
2016-2018 жылдары «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының бухгалтерлік есеп және есептілік департаментінің директоры, бас бухгалтері болған.
2018-2019 жылдары Павлодар облысының кәсіпкерлік, сауда және туризм басқармасының басшысы қызметін атқарған.
2019 жылдың сәуірінен бастап «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының экономика және бюджеттік жоспарлау департаментінің директоры болып жұмыс істеген.
2020-2023 жылдары Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Туризм индустриясы комитетінің төрағасы қызметін атқарған.