Солтүстік Корея Оңтүстік Кореяны дұшпан деп жариялады. Бас қолбасшы Ким Чен Ын көршілерімен көлік қатынасын толықтай үзіп, Оғтүстік Кореяны жау деп мәлімдеді.
Солтүстік Кореяның орталық телеграф агенттігінің мәліметінше, Солтүстік Корея Оңтүстік Кореяны «дұшпан мемлекет» деп жариялап, бұл анықтаманы конституциясына енгізген. Сондай-ақ екі ел арасындағы автомобиль және теміржол қатынасын толығымен үзген.
“Корей халық армиясы бас штабы «Оңтүстік Кореяға апаратын жолдар мен темір жолдардың оңтүстік шекарасының шығыс және батыс аймақтарын физикалық тұрғыдан толықтай кесу» шараларын қабылдады. Бұл Корея Республикасын дұшпан мемлекет ретінде қабылдайтын КХДР конституциясының талаптарына негізделген бұлтартпас және заңды шаралар”, – делінген хабарламада.
Сондай-ақ КХДР қорғаныс министрлігінің өкілі «бұғатталған оңтүстік шекараны мәңгілік қамалға айналдыру үшін» одан әрі шаралар қабылданатынын атап өтті.
Оңтүстік Корея билігі көрші елдегі конституциялық өзгерістерді айыптап, Солтүстік Кореяның кез келген арандатушылықтарына батыл жауап беретінін атап өтті.
«Бұл – бірігуге және ұлтқа қарсы әрекет, Оңтүстік Корея халқы мен Солтүстік Корея халқының бірігуге деген үмітіне опасыздық жасайды, үкімет бұл шешімді қатаң айыптайды», – деді Оңтүстік Кореяның бірігу министрлігі.