Көпшілікке танымал «Ауылым» әнінің авторы, ақын Жабайыл Бейсенов Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы бойынша «Құрмет» орденімен марапатталды, деп хабарлайды Qazaq.today.
90 жастан асқан ақсақал Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолы қойылған мемлекеттік награданы кеудесіне тақты. Орденді Үржар ауданының әкімі Башимбаев Ақылбек Жұмабекұлы табыстады.
«Бүкіл қазақ баласы «Ауылым» әнімен өсті. Бала күнімізден естіп өскен әннен бөлек 8 кітап шығарып, қазақ поэзиясына қосқан үлесіңіз зор. Ауылдағы ақынның еңбегін бағалаған Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа, Абай облысының әкімі Нұрлан Телманұлы Ұранхаевқа алғыс білдіреміз! Қазақ руханиятына еңбек сіңіре беріңіз!» — деді Үржар ауданының әкімі Ақылбек Башимбаев.
Атап өтейік, бүгінде Абай облысы, Үржар ауданында тұратын ақын «Кіндігімнің жас қаны, Тамған жерім ауылым» деген танымал әннің сөзін 1972 жылы жазған. Кейін өлеңге ән жазылып, ол халыққа бір жылдан кейін жол тартқан. Саналы ғұмырын ұстаздыққа арнаған ақынның қолынан әлі қаламы түскен жоқ.