Астанада көркем гимнастикадан ашық чемпионат басталды

Елорда төрінде көркем гимнастикадан кезекті қалалық ашық чемпионат өтіп жатыр. Чемпионатта 320 көркем гимнасшы сынға түсуде. Олардың ең жасы — 9-да, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы. 

Чемпионаттың ашылу салтанатына Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Исламбек Байманов, № 1 Балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебінің директоры Данияр Тулегенов қатысып, жарыс қатысушыларына сәттілік тіледі.

«Сіздерді көркем гимнастикадан Астана қаласының ашық чемпионатының ашылуымен құттықтаймын! Бұл чемпионат – жай ғана жарыс емес, ол нағыз шеберлік, өнер және кемелдікке ұмтылыстың көрінісі. Бүгін мұнда қаламыздың намысын қорғауға, өз шеберліктерін паш етіп, лайықты жүлделерге қол жеткізуге ұмтылған жас гимнастшылар жиналып отыр. Әрбір өнер көрсету сұлулық пен үйлесімге, жаңа биіктерге ұмтылумен толы.

Барлық қатысушыларға сәттілік, шабыт және тамаша өнер көрсетулерін тілеймін! Әрқайсыңыз өз жетістіктеріңізбен мақтан тұтыңыздар және жаңа биіктерге ұмтыла беріңіздер», — деді Исламбек Байманов.

Қалалық біріншілікке қатысып жатқандардың арасында ұлттық құрамамыздың намысын қорғап жүрген Эрика Жайлауова, Ақмарал Ерекешева да бар. Тек Айбота Ертайқызына ғана демалыс берілді.

«Жарысқа қаламыздан бөлек, Абай облысынан да келген арнайы қатысушымыз бар. Турнирдің мақсаты — 2025 жылғы ірі бәсекелерге қатысатын үздіктерді іріктеу. Алдағы Қазақстан чемпионатында ақпан айында өтетін жастар арасындағы додаға құрам таңдалады. 2015 жылға дейінгі қатысушылардың спорт шебері, спорт шеберлігіне үміткер, түрлі разрядтары бар», — деді көркем гимнастикадан Астана қаласының аға бапкері Әсел Мұстафина.

Қазіргі сәтте елордамыздағы 16 көркем гимнастика мектебінде 5000-нан астам спортшы жаттығады. Олардың қатарында Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты № 1 Балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебінде 300-ге жуық гимнасшылр тегін түрде қатысады. Қаламыздың жас таланттары Республикалық чемпионатта басты фавориттердің қатарына кіреді.

Айта кетейік жарыс қарашаның 2-не дейін жалғасады.

52