Фото: Pixabay
Алматыда 18 жастағы жігіт жоқ пәтерлерді жалға беру арқылы тұрғындарды алдап келген, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Ішкі істер министрлігінің ведомстволық сайты таратқан ақпаратқа сәйкес, күдікті интернет-платформаларда жалған хабарландырулар жариялап, азаматтарды алданып түсірген. Алмалы ауданының полициясы оны ұстап, тергеуді бастады.
«Тергеу барысында оның шын мәнінде жоқ пәтерлерді жалға беремін деп, ойдан шығарылған ұсыныстар жариялағаны анықталды. Көп жағдайда алдын ала төлем алып, кейбірінде тіпті толық жалдау ақысын да иемденген. Қазіргі таңда полицейлер оның осындай 30-ға жуық қылмыстық әрекетін тіркеді», – деді тәртіп сақшылары.
Сонымен қатар күдіктінің басқа да алаяқтық деректеріне қатысы бар-жоғы анықталып жатыр.
«Ол жақсы жолға қойылған схема арқылы жұмыс істеп, азаматтардың сенімін теріс пайдаланған. Жәбірленушілердің толық тізімін анықтау үшін жедел іс-шаралар жалғасып жатыр. Қала тұрғындарын кез келген онлайн мәміле жасарда, әсіресе пәтер жалдау кезінде аса сақ болуға шақырамыз», – деді Алмалы аудандық полиция басқармасының бастығы Мақсат Пшан.
