Жабайхан Мүбәрәкұлы 1933 жылдың 16 ақпанында Павлодар облысы Май ауданының Майтүбек ауылында дүниеге келген, деп хабарлайды Qazaq Today.
Танымал ғалым – төрт томдық «Диалектикалық логика» атты іргелі еңбектің авторы. Оның жетекшілігімен диалектикалық логиканың категориялары, заңдары мен принциптерін жан-жақты зерттеуге арналған бірқатар ұжымдық монографиялар жарық көрді.
Әбділдиннің ғылыми ізденістері диалектикалық логиканың негізгі мәселелерін терең зерделеуге бағытталған. Ол нақты ұғым мен бастама мәселелерін философия тарихымен байланыстыра отырып талдап, олардың диалектикалық анықтамасын жасап, логикалық және гносеологиялық қызметін сипаттап берді. Ғалым қазіргі ғылым мен тәжірибеде логико-методологиялық тәсілдердің маңызын айқындап, жаратылыстану саласындағы методологиямен ұштастырылған тұжырымдар ұсынды.
Зерттеулер нәтижесінде «Диалектикалық логика» деп аталатын төрт томдық еңбек жазылып, онда диалектиканың логикалық қызметі дәлелденіп, ғылыми категориялар жүйесі жасалды. Әбділдиннің жетекшілігімен 10 ғылым докторы және 40-қа жуық ғылым кандидаты дайындалды.
Ол – қоғамдық ғылымдар саласы бойынша Ш. Уәлиханов атындағы сыйлықтың (1974) иегері, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері. Сонымен қатар Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының (1984), ҚР Президентінің Бейбітшілік және рухани келісім сыйлығының (1994) лауреаты. Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен, «Барыс» ІІ дәрежесі (2000) және «Барыс» ІІІ дәрежесі (2022) ордендерімен, сондай-ақ ТМД ПА-ның «Достық» медальдарымен марапатталған.
2008 жылы БҰҰ принциптерін қолдаудағы еңбегі үшін арнайы марапатқа ие болып, 2010 жылы Халықаралық «Өмір ағашы» сыйлығының «Шығармашылық ұзақ жасаушы» аталымында жеңімпаз атанды.
