Фото: Каzinform
Шымкент қалалық перинаталдық орталығының дәрігерлері жүктіліктің 26 аптасында дүниеге келіп, салмағы бар болғаны 705 грамм болған шақалақтың өмірін сақтап қалды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Мамандардың айтуынша, анасының ауыр преэклампсияға шалдықуына байланысты жүктілік мерзімінен бұрын тоқтатылған.
Өте төмен салмақпен туған нәресте алғашқы 56 күнін жансақтау бөлімінде өткізді. Дәрігерлер 75 күн бойы баланың жағдайын тұрақтандыру үшін жаңа медициналық технологиялар мен қажетті дәрі-дәрмектерді қолданған. Қазір Мұхаммад-Мустафа есімі берілген сәби 2350 грамм салмақпен үйіне шығарылды. Ол – отбасындағы екінші перзент.
– Мұндай шақалақтарды аман алып қалуда ана да, дәрігерлер де талай ұйқысыз түн өткізеді. Әр баланың өмірін сақтап қалу – біз үшін үлкен жеңіс. Шала және өте аз салмақпен туған нәрестелерді күтіп-баптау жоғары технологиялы құралдар мен заманауи препараттарды қажет етеді. Барлық көмек МӘМС аясында көрсетіледі, – деді орталықтың неонатолог-дәрігері Сапаргүл Қожабаева.
Биылдың өзінде орталықта 38 сәби өте төмен салмақпен дүниеге келген. Мұндай балалардың өмірін сақтау тек жоғары кәсіби дайындық пен заманауи медициналық жабдықтардың арқасында мүмкін болып отыр.
