4 құпия құжат және Трамптың сәлемі: Кремльдегі келіссөздің нәтижесі қандай?

Фото: Telegram

5 сағаттық «теке-тірес»: Путин мен Трамптың өкілдері Мәскеуде нені бөлісе алмады?

Кеше Мәскеуде әлем назарын аударған жабық есік жағдайындағы кездесу өтті. Ресей президенті Владимир Путин АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трамптың арнайы өкілдерімен ұзақ келіссөз жүргізді. Бес сағатқа созылған пікірталас соғысты тоқтатуға септігін тигізе ме?

Кремльдегі кездесуге Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнер мен арнайы елші Стивен Уиткофф қатысты. Ресей тарапынан Путиннен бөлек, көмекшісі Юрий Ушаков және арнайы өкіл Кирилл Дмитриев болды.

Трамптан «сәлем», Путиннен «сигнал»

Кездесу аяқталған соң журналистерге шыққан Юрий Ушаков әңгіменің «пайдалы әрі жақсы» өткенін айтты. Дипломатиялық этикет сақталып, тараптар бір-біріне жылы лебіздерін жеткізген.

«Трамптың өкілдері өз президентінен Владимир Путинге дұғай сәлем жеткізді. Біздің президент те Трампқа достық сәлемін жолдады. Бірақ тек сәлем ғана емес, Путин Вашингтонға маңызды саяси сигналдар берді. Қонақтар мұны түртіп алды, енді оны Ақ үйге баяндайды», – деді Ушаков.

28 тармақ емес, 4 құпия құжат

Келіссөздің басты тақырыбы – Украинадағы соғысты тоқтату. Бұған дейін БАҚ-та Трамптың «28 тармақтан тұратын жоспары» туралы айтылған еді. Алайда, Мәскеуде мүлдем басқа құжаттар талқыланған.

Ушаковтың сөзінше, үстел үстінде кейінірек жіберілген, өңделген төрт құжат жатты. Тараптар нақты сөз тіркестерін емес, ұсыныстардың жалпы мәнін (суть) талқылаған.

Ең басты кедергі – жер мәселесі. Ресей басып алған территорияларды қайтарғысы келмейді және дағдырысты шешудің кілті осында деп санайды. Ушаковтың айтуынша, америкалықтардың кейбір ұсыныстары «қабылдауға болатындай» көрінгенімен, түбегейлі компромисс әлі жоқ.

Зеленский не дейді?

Америкалық делегация Мәскеуден соң Еуропаға, мүмкін Киевке ұшуы мүмкін деген ақпарат бар. Ал Владимир Зеленский өз сыртынан жасалып жатқан келіссөздерге алаңдаулы.

Украина президенті «соғысты аяқтаудың оңай жолы жоқ» екенін айтып, қатаң мәлімдеме жасады:

«Мәселе шешім қабылдаудың қиындығында емес. Ең бастысы – бәрі әділ әрі ашық болуы керек. Украинаның сыртынан ешқандай ойын жүрмеуі тиіс. Бізсіз біздің болашағымыз туралы шешім қабылданбауы керек», – деп жазды Зеленский.

Қазіргі таңда тараптар келіссөзді құпия сақтауға келіскен. Путин мен Трамптың жеке кездесуі осы жұмыс тобының нәтижесіне байланысты болмақ.

Яндекс.Метрика