Астанада мектеп оқушылары арасында өткен «Заң және бала: қателіксіз болашақ» атты театрландырылған қойылымдар қалалық байқауының ақтық кезеңі өтті.
«Заң және тәртіп» тақырыбы аясында қала прокуратурасы мен әкімдік бірлесіп ұйымдастырған байқаудың финалына аудандық кезеңдерде жеңіске жеткен 6 мектептің үздік театр топтары қатысты. Олар құқықтық саладағы өзекті мәселелерді сахналық қойылымдар арқылы жеткізді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап Qazaq.today.
А. Мамбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрында өткен байқау оқушылардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, адамгершілік құндылықтарды насихаттауға, құқықтық сана-сезімді дамытуға және өмірдегі түрлі жағдайларды шығармашылық тұрғыдан талдау арқылы жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған. Байқаудың ерекшелігі – жас ұрпақтың өнер арқылы заң, әділдік және азаматтық жауапкершілікке деген көзқарасын білдіруіне мүмкіндік беруінде.
Қазылар алқасының құрамында қала әкімінің орынбасары Есет Байкен, ҚР Балалар құқығы жөніндегі уәкіл Динара Закиева, Астана қалалық Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Назгүл Мақжан, қала прокурорының орынбасары Булат Мизанбаев, Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев, белгілі тележүргізуші Айгүл Мұқей, сондай-ақ Бас прокуратура, Оқу-ағарту министрлігі, аудан прокурорлары мен әкімдер өкілдері болды.
Білім басқармасының басшысы:
«Қала бойынша өткен аудандық байқаулардың жеңімпаздары бүгінгі финалға жиналды. Әр баланың құқығы қоғамда қорғалуы және қамтамасыз етілуі керек. Бірақ құқықпен қатар, заң бұзған жағдайда қандай жауапкершілік болатынын да білуі қажет. Сондықтан осындай ауқымды алдын алу шарасы ұйымдастырылды. Барша қатысушыларға сәттілік тілеймін!» – деді.
6 мектептің талантты оқушылары театр тілімен құқықтық тәртіп тақырыбын жеткізе отырып, қазіргі қоғамдағы өзекті құқықбұзушылықтар – жемқорлық, кибербуллинг, есірткі саудасы, ұрлық, жалған ақпарат тарату мәселелерін қозғады.
Есет Байкеннің айтуынша:
«Өткен жылы басталған бұл байқау биыл да жалғасын тапты. Бүгін біз іріктеу кезеңдерінің нәтижесін көріп отырмыз. Адам баласы туғаннан бастап әлемді тануға ұмтылады. Алайда кейде білімсіздік немесе дұрыс бағыттың болмауынан қателікке бой алдырып, қылмысқа барады. Мұндай шаралар — алдын алу үшін өте маңызды. Бүгін сахнаға шыққан әр бала — еліміздің адал азаматы, өз мемлекетінің заңын құрметтейтін болашақ тұлға. Мұндай өнегелі жолды көрсету — бәріміздің міндетіміз. Бәрі мықты өнер көрсетті, барлығын жеңімпаз деуге болады. Бірақ байқау болған соң, жеңімпаз анықталады. Барша жүлдегерлерді құттықтаймын. Келер жылы бұл байқауды республикалық деңгейде өткізуді жоспарлап отырмыз», — деді.
Нәтижесінде келесі оқушылар мен мектептер марапатталды:
-
«Үздік актер» — №87 мектеп-гимназиясының 6-сынып оқушысы Нұрахматолла Жанатқан
-
«Үздік актриса» — №108 мектептің 6-сынып оқушысы Мейірім Сүлеймен (Қожа рөлінде)
-
«Тақырыпқа ерекше көзқарас» — №28 лицей-мектебі
-
«Үздік сценарий» — №58 лицей-мектебі
-
«Үздік бейнежазба» — №17 мектеп-гимназиясы
-
«Үздік қосалқы рөл» — №93 мектептің оқушысы Бек Сапархан
«Заң және тәртіп» қағидасы аясында әлеуметтік бейнеролик түсіруге қатысқан №97 және №75 мектептер де марапатталды.
Жүлделі орындар мынадай тәртіппен бөлінді:
-
6 орын — №28 мектеп
-
5 орын — №93 мектеп
-
4 орын — №58 мектеп
-
3 орын — №87 мектеп
-
2 орын — №108 мектеп
-
1 орын — №17 мектеп
Барлық жүлдегерлер дипломдармен қатар 50 мыңнан 300 мың теңгеге дейінгі ақшалай және құнды сыйлықтарға ие болды.