Атырау облысы Жылыой ауданы Құлсары қаласының 72 жастағы тұрғыны Тілектес Байболованың жалдамалы үйі су астында қалып, олар далада қалған. Қазір 11 адамнан тұратын отбасы екі бөлмелі заты қоюға арналған сарайда тұрып жатыр. Бұл туралы Qazaq.today басылымы Orda сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Тілектес Байболованың бес баласы бар, оның екеуі мүмкіндігі шектеулі ұл балалар. Бірінің қолы жоқ, сондықтан ешкім жұмысқа алмайды, екіншісі де мүгедектігіне байланысты жұмыс таба алмайды.
«Марқұм күйеуім салған өз үйімізде тұрдық. Бірақ ол қайтыс болғаннан кейін несиеге байланысты ескі үйді сатып, жалға тұруға мәжбүр болдық. Бірақ ол су астына кетті. Судың кесірінен шатыр құлап, үйден шығып үлгердік, бірақ барлық заттарымыз бен тамағымыз суда қалды», – дейді егде әйел.
Осыдан кейін олар қызы жалдап тұратын екі бөлмелі сарай қораға көшкен. Қазір ол 11 адамға баспанаға айналды.
«Біз әкімдікке барып, көмек сұрадық. Бізді алдымен көмек көрсететін орталыққа жіберді. Сол жерден аудандық қауіпсіздік мамандарымен сөйлесуді өтіндік, бірақ олар бізге көмектесуден бас тартты. Сөйтіп, құр қол қайттым. Тұрғындар 100 АЕК көлемінде көмек алыпты, бірақ құжаттарымыз су басқан үйде қалды. Балаларға жаным ашиды», – дейді Тілектес Байболова.