ХХІ ғасырдағы әкенің рөлі — TALQYLAU-да талқыланды

Бүгін Әкелер күні қарсаңында «AMANAT» партиясының Алматы қалалық филиалы жанындағы #TALQYLAU диалог алаңында «Қоғамда 21 ғасырдағы әкенің рөлі»тақырыбында отырыс өтті, деп хабарлайды Qazaq.today.

Спикерлер Карагөз Сүлейменова, Айнұр Жұмабаева және Алина Кан қазіргі қоғамдағы әкенің рөлі туралы пікірлерімен бөлісті. Өз кезегінде, Болатбек Бөкенов пен Рустам Кайрыев өздерінің әке болу тәжірибесі туралы айтып берді. Талқылауға партия жанындағы кеңес мүшелері, белсенді аманаттықтар және «Жастар Рухы» өкілдері қатысты. Кездесудің модераторы Алмас Сағынұлы болды.

Ғалымдардың зерттеулеріне сүйенсек, елімізде мектеп жасына толмаған балалардың күтімі мен тәрбиесіне әкелердің тек 6,6% ғана қатысады екен, әрине бұл болашақ ұрпақ үшін алаңдаушылық туғызады, себебі бала күтіміне байланысты ауыртпалық көбінесе анаға түседі және әкелер өз балаларының өмірлерінде маңызды рөлді атқару мүмкіндігін жоғалтатындай.

Бүгінгі диалогтың басты идеясы –  жанұядағы әке мен бала арасындағы қарым-қатынасты нығайту, ұлттық салт-дәстүрімізге байланысты әке орнының ерекше екендігін ұғындыру және әкеге деген бала махаббатын ояту.

Талқылау барысында қатысушылар әкелердің бала тәрбиесіне қатысуын қалай арттыруға болатындығы туралы өз пікірлерімен бөлісті, белсенді сұрақтар қойып, дау-дамайға түсті. Кездесу соңында спикерлер барлық әкелерді алдағы мерекелерімен құттықтады.

 

Qazaq.today