«АрселорМиттал Теміртау» АҚ-на қарасты Костенко атындағы шахтада қаза тапқан 46-шы шахтердің денесі табылды, деп хабарлайды Qazaq.today агенттігі. Қарағанды облысының әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, іздеу жұмыстары тәулік бойы жүргізілген.
Бұған дейін ТЖМ оның денесінің бір бөлігі табылғанын хабарлаған болатын. Сараптама қажет болғандықтан, кеншінің мәйіті жайлы ресми хабар таратылған жоқ. Марқұм кеншінің аты-жөні — Александр Валерьевич Прокудин.
«6 қараша күні сағат 20:00-де Костенко атындағы шахтадан қаза тапқан 46-шы шахтердің денесі табылып, жер бетіне көтерілді. Қажетті сараптамалар жүргізілді. Іздестіру жұмыстарына «Кәсіби әскери авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы» ЖШС Қарағанды филиалының тау-кен құтқарушылары жұмылдырылды. Іздеу жұмыстары тәулік бойы жүргізілді» – деп мәлім етті Қарағанды облысының әкімдігі.
Еске салайық, 28 қазанға қараған түні «АрселорМиттал Теміртау» кенішінде жарылыс болды. Жарылыс кезінде шахтада 252 адам болған, 206 кенші жер бетіне шықты, қалғандары жер астында қалып қойды.
Алғашқы екі күнде 45 кеншінің денесі табылды, ал 46-шы жұмысшының тек дене бөлшектері табылғаны белгілі болды. Қаза болған кеншілердің толық тізімі жарияланды.