«Мен үшін астананы тастап келді»: Гүлзира Айдарбекова жастық шағынан сыр шертті

Танымал продюсер және Қайрат Нұртастың анасы Гүлзира Айдарбекова студенттік және жастық шағынан сыр шертіп, өміріндегі ерекше естеліктерімен бөлісті. Ол Instagram парақшасында ескі фотосуреттерін жариялап, жарымен қалай танысқаны туралы айтты.


Алматыға арман қуып келген күн

Гүлзира Айдарбекова студенттік шағын еске ала отырып, Алматыға алғаш келген сәтін ерекше жылулықпен жеткізді:

«Алматыға арман қуып, Шымкенттен келген күнім есімде. Күн шыжып тұрған еді. Күңге қарап түсе салыппын. Керемет өмір күтіп тұрған сияқты сезілетін», – деп жазды ол.

Продюсер мектеп жылдарын да сағынышпен еске алды. Өзінің мектеп өмірінде белсенді болғанын, барлық мәдени шараларда ерекше көзге түскенін атап өтті.

«Мектеп менсіз құлайтындай көрінетін. Бүкіл концерт пен жарыстарға қатысып, орын алып келуші едік. Ұлдар менен басқа ешкімді тыңдамайтын», – деді ол.


Жарымен танысу және ғашықтық хикаясы

Гүлзира Айдарбекова жары Нұртас Айдарбековпен қалай танысқанын баяндап берді. Оның айтуынша, олар Гүлзира мектепті бітірген жылы танысқан:

«Мен мектеп бітірген жылы Нұрекең әскерден оралды. Сол кезде таныстық. Ол Астанаға, мен Алматыға оқуға түсуге кеттік», – деді продюсер.

Ерекше ғашықтық сезімі Нұрекеңді Алматыға алып келген.

«Ғашықтық маза бермей, бір жылдан кейін мені тауып алды. Мен үшін Астананы тастап, Алматыдағы Политех-ке ауысты. Екінші курста алып қашты», – деп еске алады Гүлзира Үсенқызы.


Отбасылық өмір және жылы естеліктер

Гүлзира Айдарбекова жары Нұртас Айдарбековтің ерекше мінезі мен қамқорлығын бұрын да айтқан болатын. Ол жақында күйеуінің оны қалай еркелететінін де көпшілікпен бөліскен еді.