Жамбыл облысы Мойынқұм ауданындағы орта мектептің бірінде еден жуушы болып еңбек ететін Баян Сапарбайқызы 2017 жылдан бері мектеп директорынан қысым көріп келе жатқанын айтып, көпшіліктен көмек сұрады.
Кейіпкердің айтуынша, оны мектеп директоры жеті жыл бойы жеке жұмысына жегіп келген. Ол «Астарлы ақиқат» бағдарламасына берген сұхбатында мектеп басшысының енесіне де қарағанын айтты.
«Мені сондай жұмыстарға қинап жегеді. Жиіркенсем де, жұмыстан шығарам деген сөзінен қорқып, айтқанына көніп келдім», – дейді ол.
Баян Сапарбайқызының төрт ұл, екі қызы бар. Күйеуі екінші топтағы мүгедек.
«Мектепте 4 еден жуушы бармыз. Директордың үйіндегі жұмысқа Гүлбағдат екеуміз барамыз. Таңда жұмысқа келгенде директор екеумізді шақырып алып, үйіне жібереді. Біреуміз апаның кірін жуып, шомылдырамыз. Екіншіміз тамақ істейміз. Сосын жұмыс соңында видео жіберіп, есеп береміз», – дейді ол.
Мектеп директорының үйінің жұмысын істейтін Гүлбағдат Өмірова да біраз құпияның бетін ашты.
«Директор мен енесінің және алтыншы сыныпта оқитын баласының да кірлерін жуамын. Кейде күйеуінің де іш-киімдеріне дейін береді. Қорлықтан шаршадым», – дейді Гүлбағдат Өмірова.
Жұмысшылар мектеп директорын орнынан алып тастауды талап етіп отыр.
Мойынқұм аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары Жанар Хайырқызы жағдайдан хабардар екенін айтты.
«Әлеуметтік желіге анонимді түрді шыққан. Сәуір айында мектепке барғанымызда, 30-ға жуық қызметкер қол қойып берді. Ешқайсысы бізді жұмысқа салмайды деп айтты. Тек осы Баян деген кісі жылап, мұңын шақты. Бірақ ол өзі директорға ағайын-туыс болып келеді екен. Сондықтан туыс ретінде көмектескен», – дейді Жанар Хайырқызы.
Алайда Баян Сапарбайқызы директормен туыстық қарым-қатынасы жоқ екенін, тек күйеуіммен руы бірдей екенін айтады. Ал директор өзінің ауруханаға түскенін жеткізген.
«Оның бәрі жала. Уақтысында көреміз. Осыны ұйымдастырып жүрген адамды сотқа бердім. Мұндайды көрмегенмін. Сондықтан шок алып құладым. Қол-аяғым істемей қалды», – дейді С.Н.
Еден жуушы жеті жылдан бері осы шындықты айта алмай келген. Өйткені мектеп директорының туыстарының бәрі құқық қорғау органдарында қызмет атқарады.