
«Спорттан біржола кеткен». АҚШ-та қазақстандық велосипедші қайтыс болды

Қазақстандық велосипедші Дінмұхамед Ұлысбаев 24 жасында өмірден өтті, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қазақстан велоспорт федерациясының баспасөз қызметінің хабарлауынша, Дінмұхамед Ұлысбаев былтыр күзде спорттан біржола кетіп, құрама сапынан шыққан. Ол виза жасатып, АҚШ-қа өз жұмыстарымен барған.
«Әрі қарай не болғанын білмейміз. Спорт бойынша кетсе, біз анықтар едік. Өйткені ол жақтағы полиция тек әке-шешесіне хабар береді», – деп хабарлады Қазақстан велоспорт федерациясының баспасөз қызметі Massaget.kz тілшісіне.
Дінмұхамед Ұлысбаев тасжолдағы велоспорт бойынша Азия чемпионатын жеңді, Әлем кубогі кезеңдерінің жеңімпазы атанды, сондай-ақ бірнеше мәрте ҚР Ұлттық чемпионатының медальдарын жеңіп алды.
Қазақстанның велосипед спорты федерациясы Дінмұхамед Ұлысбаевтың туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтты.