ҚМДБ умраға апарамын деп халықты алдаған компания туралы түсініктеме берді

Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы умраға алып барамын деп жүзден аса адамды алдап кеткен компанияға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы. 

Алайда Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы оның наиб имам екенін жоққа шығарды.

«Ырыскелді Мейіржан Бауырұлы еліміздің бірнеше аймағынан жүзден аса азаматты умраға алып барамын деп ақша жинап, уәдесін орындай алмаған. Мейіржан Бауырұлы ешқандай діни қызмет атқармаған және мешітте наиб имам болып жұмыс істемейді», — деді Діни басқармасында.

Алматы облысының Іле ауданындағы «Сәбденұлы Өтеген батыр» мешітінің наиб имамы Ырыскелді Мейіржанға умра сапарына ниет еткен жандарға дәріс өткізуге көмектескен.

«Алматы облысының Іле ауданындағы «Сәбденұлы Өтеген батыр» мешітінің наиб имамы Тамашбеков Марсельге Мейіржан Бауырұлы умра сапарына ниет еткен жандарға дәріс өтіп беру жөнінде өтініш жасаған. Наиб имам діни құлшылықты түсіндіру мақсатында өтініштерін қабыл алып, екі рет сабақ өткізген. Дәріс соңы сұрақ-жауап негізінде жалғасып, наиб имам сол компания қызметі жайлы білген ақпараттарымен де бөліскен», — деді ҚМДБ түсініктемесінде.

Jazеra travel компаниясына қатысты даулы мәселе құқық қорғау органдары тарапынан тексеріліп жатыр. Наиб имамның аталмыш мәселеге қатысы бар-жоғы анықталып жатыр.

Соңғы кезде қоғамда умра сапарын ұйымдастырушы кейбір турфирмалардың күмәнді іс-әрекеттеріне қатысты шағымдар көбейіп кетті.

«Осы орайда умраға баратын азаматтарға қызмет көрсету, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету аталмыш турфирмалар жауапкершілігінде екенін еске саламыз. ҚР сыртқы туризмді реттейтін тиісті заңнамасына сай умра сапарын топпен ұйымдастыру үшін міндетті түрде мемлекеттік лицензиясы болуы тиіс және әр умра жасаушыға туроператор тарапынан туркод берілуі қажет. Мұндай талаптар орындалмаған жағдайда умраны топпен ұйымдастыру ҚР заңдарына қайшы. Осы ретте умраға апарушы турфирмалардың қызметін қадағалауға Діни басқарманың заңды құзыреті жоқ екендігін жеткіземіз», — деді Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы.

ҚМДБ қазақстандықтарды ресми туроператорлық лицензиясы жоқ туркомпаниялармен умра сапарына бармауға шақырды.