«Көзінің ішінде оқ бар»: Ақтауда 11-сынып оқушысын соққыға жыққандар бостандықта жүр

Фото: Жәбірленуші/Жәбірленушінің анасы 

Ақтауда досына араша түспек болған 11-сынып оқушысы оқ жарақатын алды. Оқ жасөспірімнің көзіне тиген. Жәбірленушінің жақындары қаскөйлердің әлі бостандықта жүргенін, тергеуге көңілі толмайтынын айтты. Бұл туралы Qazaq Today ақпарат порталы 31-арнаның Информбюро жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

11-сынып оқушысы қазір мектепке барып жүр. Бірнеше күрделі отадан кейін жағдайы оңала бастаған. Бірақ бір көзі мүлдем көрмейді.

“Шүріппені басқанда оқ сол жақ көзіме тиді. Содан кейін не болғанын білмеймін, тас қараңғы болып кетті. Көзім ағып кеткен шығар деп қатты қорықтым. Қазір бір көзім көрмейді. Ұшқыштарды оқытатын университетке тапсыру үшін құжат жинап жүрген едім. Бала кездегі арманым еді”, – дейді жәбірленуші.

Туыстарының айтуынша, оқиға былтыр 30 желтоқсанда қаланың қақ ортасында болған. 11-сыныптың оқушысы кинодан шығып, үйге қайтып бара жатқан кезде бір топ бозбала досыма тиісе бастағанын айтты. Жолдасына араша түспек болған маған топ ішіндегі біреуі пневматикалық қару кезеп, бірден көзіме оқ атып жіберді деп отыр. Жерде жатқанда басынан теуіп, ұрған.

“Мама, көзім қалай?” деп қайта-қайта көзін сұрай берді. Бәрі жақсы болады балам дедім. МРТ түсіргенде уже анықтады, ішінде оқ бар деді. Операцияға аламыз деді. Сол кезде біз полицияға хабарластық. Екі рет барғанда да көзбе-көз беттестірген жоқ. Содан бері ешқандай хабар жоқ. Олар да – колледжде оқитын 2007 жылғы балалар. Не үшін қолына қару ұстап жүргенін білмеймін. Ата-аналар 12 бала қайда жүргенін білуі керек қой”, – дейді жәбірленушінің анасы Мадина Рысмағанбетова.

Оның айтуынша, күдікті әлі бостандықта жүр. Сот-медициналық сараптама қорытындысы да шықпаған деп отыр. Ал полиция кәмелетке толмаған бір баланың тергеліп жатқанын мәлімдеді.

“Осы оқиға бойынша қылмыстық іс «адам өлтіруге оқталу» бабы бойынша тіркелді. Тергеу барысында іс Қылмыстық кодекстің 106-бабына (Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) ауыстырылды. Кәмелетке толмаған күдікті анықталды. Шетелге шығуына қолхатпен тыйым салынды. Тергеу жүріп жатыр”, – деді Маңғыстау облыстық полиция департаменті.

Оқушының анасы күдіктілерді кешірмеймін деп отыр.