Tag Archives: жымқыру

Шығыс Қазақстанда мәслихат депутаты аса ірі көлемде қаржы жымқырды деген күдікке ілінді

Фото: ҚМА

ҚМА Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті «QazConstructions» ЖШС басшылығына қатысты, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарының 7 ауданында 11 әлеуметтік нысанның құрылысына бөлінген бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Күдіктілердің қатарында «QazConstructions» ЖШС-нің бұрынғы директорының орынбасары, Күршім ауданы мәслихатының депутаты бар.

Аталған жобалар халықтың өмір сүру сапасын арттырып, азаматтардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасауға бағытталған болатын.

«Алайда қылмыстық әрекеттер салдарынан төрт дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен 20 мыңнан астам адам тұратын жеті ауылды сумен қамтамасыз етуге арналған су құбыры желілері пайдалануға берілмеген.

Жымқырылған қаржының жалпы көлемі 2 млрд теңгеден асады. Олар байланысы бар компаниялар арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылған.

Қылмыстық жолмен алынған табысқа Астанадағы қымбат санаттағы тұрғын үй кешендерінен пәтерлер, «Lamborghini Urus», «Cadillac Escalade», «Mercedes» автокөліктері мен асыл тұқымды жылқылар сатып алынған. Бұл мүлікке сот санкциясымен тыйым салынды», – делінген ҚМА хабарламасында.

Екі күдіктіге қатысты екі ай мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.

Тергеу жалғасып жатыр.

Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.

Жетісу облысында сот орындаушысы балалардың алиментіне төленген ақшаны жымқырып келген

Фото: Pixabay

Жетісу облысында сот орындаушысы алимент төлеуге арналған қаржыны өндіріп, кейін өзі алып отырған, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Жетісу облысының прокуратурасының мәліметінше, жеке сот орындаушысы Талдықорған қаласында заңсыз жолмен баю схемасын қолданған. Ол сол әрекетімен балаларды алиментсіз қалдырған.

“Бірінші кезеңде ол алимент төлемдерін өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттар бойынша заңды түрде борышкерлердің жалақысынан сомаларды ұстап қалу туралы қаулы шығарған. Сосын оны жұмыс берушілерге жіберген. Одан әрі борышкерлердің жұмыс берушілерінен ақша түскеннен кейін ақшаның көп бөлігін өзіне қалдырып, қалғанын алимент өндіріп алушыларға аударған”, – делінген хабарламада.

Сот орындаушысы осындай тәсілмен 2 млн теңгеден астам сомада қаражат жымқырып отырған.

“Мысалы, бір жағдайда сот орындаушысы борышкердің жалақысынан өндіріп алуды 2025 жылдың сәуір айынан бастаған. Жұмыс беруші сәуір айынан маусым айына дейін жеке сот орындаушысының шотына 570 мың теңгеден астам сомаға алимент төлемдерін аударған. Алынған соманың 170 мың теңгесін ғана өндіріп алушыға аударып, қалғанын жымқырған. Тексеру кезінде белгілі болғандай, ол осыған ұқсас схеманы бірнеше рет қолданып, оның көмегімен 2 миллион теңгеден астам соманы қалтасына салған”, – деді ведомство.

Талдықорған қаласының прокуратурасы өкілеттігін асыра пайдалану фактілері бойынша жеке сот орындаушысына қатысты қылмыстық кодекстің 251-бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастаған.

Маңғыстау облысында 243 млн теңге жымқырған колледж есепшісі сотталды

Фото: Pixabay

Маңғыстау облысының прокуратурасы колледж қызметіне тексеріс жүргізді. Тексеру нәтижесінде колледждің бас есепшісі іссапар, шәкіртақы төлемдері және салық міндеттемелеріне бөлінген 243 миллион теңгені өзінің жеке шотына заңсыз аударғаны анықталды, деп жазады Qazaq Today ақпарат порталы.

Бұл әрекет Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша «Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленіп алу немесе ысырап ету» ретінде сараланып, арнайы прокурорлар сотқа дейінгі тергеу жүргізді.

2025 жылғы 9 шілдеде Маңғыстау аудандық соты бас есепшіні қылмыстық кодекстің аталған бабы бойынша 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті.

Сонымен қатар, сотталушы 10 жылға дейін бухгалтерлік қызметпен айналысу құқығынан айырылды.

Өскемен әуежайының басшысы 157 млн теңге жымқырған

Фото: Pixabay

Қаржылық мониторинг агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті Бас көлік прокуратурасының үйлестіруімен «Өскемен әуежайы» АҚ басшылығына қатысты қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдалану, аса ірі көлемде сеніп тапсырылған мүлікті иемдену және қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру фактілері бойынша тергеуді аяқтады, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Бес жыл бойы акционерлік қоғамның бұрынғы президенті мен өзге де лауазымды тұлғалары еңбекақыны негізсіз көбейту, жалған сыйақылар мен жалған шарттар жасау арқылы жүйелі түрде ақша жымқырған. Жымқырылған қаражат кейін касса арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылған. Қоғамға тиесілі көлік құралдары бухгалтерлік есептен шығарылып, нарықтағы құнынан бірнеше есе төмен бағамен сенімді тұлғаларға сатылған.

Сонымен қатар, қоғамның коммерциялық нысандары жеңілдетілген шарттармен жалға берілгені анықталды: яғни, жалдау ақысы төмендетіліп, нақты жалға берілген аумақ азайтылып көрсетілген. Мемлекетке келтірілген жалпы залал 157 млн теңгені құрады. Сот санкциясымен күдіктілердің 126 млн теңге көлеміндегі мүлкіне (4 пәтер, жер учаскесі және 2 автокөлік) тыйым салынды. Күдіктілер қамауға алынды. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.

Перизат Қайраттың да соты тікелей эфирде көрсетілуі мүмкін

Коллаж: Qaz365.kz

Жоғарғы сот БАҚ өкілдерінің «Перизат Қайраттың соты қандай жағдайда тікелей эфирден көрсетіледі?» деген сауалға жауап берді, деп хабарлайды Qazaq.today ақпарат порталы.

Олар нақты сұраныс болса, сот процесін онлайн таратуға қарсы емес.

– «Біз біргеміз» қайырымдылық қорының негізін қалаушылардың бірі – Перизат Қайраттың істері сотқа түспеген. Перизат Қайраттың соңғы қылмыстық ісі сотқа келіп түскен жағдайда, қоғам тарапынан, заңгерлер қауымынан сондай сұраныс болса, сот отырыстарын тікелей эфирде көрсету мәселесі қарастырылуы мүмкін, – деп жазылған ресми жауапта.

Айта кетейік, Қаржылық мониторинг агенттігі Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваға қатысты тергеп-тексеруді аяқтаған болатын. Мұны өз кезегінде агенттік төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов айтқан еді.

19 наурыз күні тараптар 109 томнан тұратын қылмыстық іс материалдарымен танысуға кіріскен-ді.