Tag Archives: Франция

Парижде Эммануэль Макронның әйелі туралы жалған ақпарат таратқан 10 адам сотталып жатыр

Фото: РБК

Парижде Франция президенті Эммануэль Макронның жұбайы Брижит Макронға кибербуллинг жасау фактісі бойынша сот отырысы басталды. Іс бойынша 41 бен 65 жас аралығындағы сегіз ер адам мен екі әйел айыпталып отыр, деп хабарлайды ВВС.

Тергеу мәліметінше, айыпталушылар әлеуметтік желілерде Брижит Макронды ер адам болып туған деп жалған ақпарат таратқан. Сондай-ақ олар президент пен жұбайының жас айырмашылығына байланысты қорлайтын жазбалар жариялаған.

AFP агенттігінің хабарлауынша, Брижит Макрон алғашқы сот отырысына қатыспады, алдағы уақытта да сотқа келмейді Адвокаттың айтуынша, оның қызы Тиффани Озье сейсенбі күні куәлік беруі мүмкін.

Айыпталушылардың арасында жергілікті шенеунік, галерея иесі, мұғалім және өзін интернет-экстрасенс деп атайтын 51 жастағы Дельфин Ж. бар. Ол желіде «Амандин Руа» деген атпен танымал. Осы істе айыпталған тағы бір әйел, өзін тәуелсіз журналист деп атайтын Наташа Рей екеуі былтыр Брижит Макронға жала жапқаны үшін сотты болған.

2021 жылы Руа YouTube-та Реймен сұхбат жариялап, «Брижит Макрон шын мәнінде ешқашан болмаған, ол жынысын ауыстырған ағасы — Жан-Мишель Троньё» деп конспирологиялық теорияны алға тартқан. Кейінірек екеуі апелляцияда жеңіп шыққанымен, Брижит пен оның бауыры бұл шешімге қарсы шағым түсірді.

«Брижит Макрон – трансгендер» деген сыбыс әлеуметтік желілерде 2017 жылдан бастап тараған. Мұны АҚШ-та консервативті блогер Кэндис Оуэнс белсенді түрде насихаттады. Макрондар Оуэнске қарсы сотқа шағым түсіріп, оның «әдейі жалған ақпарат таратып, абыройына нұқсан келтіргенін» мәлімдеді.

Брижит Макрон Эммануэль Макронға сабақ берген мұғалімі болған, екеуі 2007 жылы шаңырақ көтерген. Ол кезде Эммануэль 29, ал Брижит 54 жас еді.

Францияда тағы бір музей тоналды

Тергеушілер соңғы айларда мұндай жағдайлардың жиілеп кеткенін мәлімдеді.

Францияның солтүстігіндегі Лангр қаласындағы «Дени Дидро ағарту үйінен» XVIII ғасырдағы алтын және күміс монеталардың шамамен 2000 данасы бір түннің ішінде ұрланып кетті, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы BILD басылымының мәліметтеріне сілтеме жасап.

Мамандардың айтуынша, бұл монеталардың көпшілігі бірегей үлгілерге жатады. Алдын ала деректер бойынша, қылмыскерлердің әрекеттері кәсіби деңгейде ұйымдастырылған, яғни олар нақты нені іздегенін жақсы білген.

Қыркүйек айының басынан бері Франциядағы бірнеше мұражай мен коллекциялар тоналған.

Қазан айының ортасында оңтүстік-батыстағы Сарран коммунасында орналасқан Жак Ширак мұражайы екі тәулік ішінде екі рет тоналды. Ұрылар бұрынғы президент Жак Ширакқа берілген дипломатиялық сыйлықтар, зергерлік бұйымдар мен сағаттарды алып кетті. Залал мөлшері әзірге нақтыланған жоқ, полиция тергеу жүргізіп жатыр.

Бұған дейін, қыркүйек айында, Лимож қаласындағы Адриен Дюбуше ұлттық мұражайынан жалпы құны 6,5 миллион еуро тұратын үш қытай фарфор бұйымы жоғалған. Бұл жәдігерлер ресми түрде «ұлттық қазына» мәртебесіне ие болған.

Бірнеше күннен кейін Париждегі Табиғат тарихы мұражайынан 1,5 миллион еуроға бағаланған бірнеше алтын кесегі ұрланды. Бұл іске қатысты 24 жастағы күдікті Барселонада ұсталды, оның сыбайластары Еуропа көлемінде іздестірілуде.

Полиция әзірге бұл қылмыстардың бәрін бір ұйымдасқан топ жасағанын немесе тек ұқсас әдістермен әрекет ететін бірнеше топтың ісі екенін нақты айта алмай отыр. Лувр мұражайындағы ұрлыққа қатысты тергеушілер кәсіби деңгейде ұйымдасқан қылмыстық топтың қатысы бар деп болжайды.

Франция Палестина мемлекетін ресми мойындады

Фото: istockphoto.com

Франция президенті Эммануэль Макрон БҰҰ мінберінен «бейбітшілік мүддесінде» Палестина мемлекетін ресми түрде мойындағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

BBC-дің мәліметінше, алдағы дүйсенбіде жыл сайынғы БҰҰ Бас Ассамблеясы қарсаңында өтетін саммитте тағы бірнеше мемлекет Палестина тәуелсіздігін ресми мойындайды деп жоспарланып отыр.

Канада, Аустралия, Ұлыбритания және Португалия жетекшілері жексенбі күні өз елдерінің Палестина мемлекетін мойындағанын жариялады.

Қазіргі уақытта Палестинаның мәртебесі қандай?

Палестинаны азат ету ұйымы 1988 жылы тәуелсіз Палестина мемлекеті құрылғанын жариялады. Сол кезде «Жаһандық Оңтүстіктің» көптеген елі оны тез арада мойындады. Бүгінде БҰҰ-ға мүше 193 мемлекеттің 147-сі Палестинаны ресми түрде мойындаған. Соңғысы – биыл қаңтар айында Мексика болды.

Израильдің басты одақтасы АҚШ ұзақ жылдар бойы Палестина мемлекетін бір күні мойындайтынын айтқанымен, бұл тек палестиналықтар Израильмен «екі мемлекет негізіндегі шешімге» келісімге келген соң ғана мүмкін болады деп келген. Бұл шешім Батыс жағалаудағы жерлерде, Шығыс Иерусалим мен Газада тәуелсіз Палестина мемлекеті құрылады дегенді білдіреді. Яғни, 1967 жылғы араб-израиль соғысынан бұрынғы шекараларға негізделеді. Соңғы уақытқа дейін ірі еуропалық державалар да осы ұстанымды ұстанып келген.

Алайда 2014 жылдан бері келіссөздер жүргізілген жоқ. Ал Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Палестина мемлекеті ешқашан құрылмайды деп мәлімдеді.

Өткен жылы ол Израиль Иордан өзенінің батысындағы бүкіл аумақтағы қауіпсіздікті бақылауы тиіс екенін айтқан. Ал бұл аумақ – кез келген болашақ Палестина мемлекетін құруға қажетті жерлер.

Израильдің ұстанымы және БҰҰ-дағы Палестинаның мәртебесі

«Бұл – маңызды шарт, ал ол Палестинаның тәуелсіз мемлекет болу идеясымен қайшы келеді. Не істеу керек? Мен бұл жағдайдан америкалық достарымды да хабардар етемін. Сондай-ақ Израильдің қауіпсіздігіне зиян тигізуі мүмкін шынайылықты бізге таңуға талпынысты да тоқтаттым», – деді Нетаньяху.

Қазіргі таңда Палестина мемлекетінің атынан қатысатын делегация БҰҰ-да бақылаушы мәртебесіне ие, бірақ дауыс беру құқығы жоқ.

Палестинаны қанша ел мойындағанына қарамастан, БҰҰ-ға толыққанды мүше болу үшін Қауіпсіздік Кеңесінің мақұлдауы қажет. Ал оны Вашингтонның тоқтату құқығы бар.

Францияда 200-ден астам адам қамауға алынды

Фото: Pixabay

Францияда «Барлығын бұғаттау» атты акция басталды. Қызметінен кетіп бара жатқан ішкі істер министрі Брюно Ретайоның айтуынша, ел бойынша шамамен 80 мың құқық қорғау органы қызметкерлері бронетехника мен тікұшақтардың көмегімен жұмылдырылған, деп жазады Qazaq Today ақпарат порталы.

AZƏRTAC агенттігінің хабарлауынша, шамамен 200 адам қамауға алынған.

— Жағдайды шешу үшін елуге жуық шара қолданылды, — деп мәлімдеді Ішкі істер министрі отставкаға кетер алдында.

Бруно Ретайоның айтуынша, Лион қаласында полиция қызметкерлеріне шабуыл жасалған.

— Лионда полицейлерге қиыршық тас лақтыған. Бұл — кісі өлтіру. Мен полицияға қарсы өшпенділікке тап болған осы батыл Францияны толық қолдаймын, — деп жазды қызметінен кетіп жатқан ішкі істер министрі X желісінде.

Жаппай наразылық үкіметтің әлеуметтік-экономикалық саясатына, соның ішінде бағаның өсуіне және халықтың өмір сүру деңгейінің төмендеуіне байланысты туындап отыр. Елдің бірнеше ірі қаласында жағдай әлі де шиеленіскен күйде қалып отыр.

 

Францияда соңғы 76 жылдағы ең ауқымды орман өрті тіркелді

Фото: Pixabay

Францияның оңтүстігіндегі Уаза департаментінде бір тәулікте 16 000 гектар орман алқабы өртке оранды, деп жазады Qazaq Today ақпарат порталы.

Өрт болған өңірге Премьер-министр Франсуа Байрумен бірге барған Ішкі істер министрі Брюно Ретайо апаттың ауқымын растады.

– Бұл – 1949 жылдан бері Францияда тіркелген ең жойқын орман өрті, – деді министр.

Анықтама үшін: 1949 жылы Ланд-де-Гасконь тау массивінде болған өрт 50 000 гектар орманды жойып, 82 адамның өмірін қиған еді.

Қазіргі өртті сөндіруге 2150 өрт сөндіруші, 600 техника және арнайы Canadair мен Dash ұшақтары жұмылдырылған.

Премьер-министр Франсуа Байру бұл жағдайды – көрілмеген ауқымдағы апат – деп атап, қажет болған жағдайда Франция Еуроодақ елдерінен көмек сұрауы мүмкін екенін жеткізді.