Димаш Түркияға көмек қолын созатынын айтты

Белгілі әнші Димаш Құдайберген Түркия мен Сирия халқына көңіл айтты. Ол концертінен түскен қаржының бір бөлігін жер сілкінісінен зардап шеккен отбасыларға көмек ретінде аударатынын айтты, деп хабарлайды Qazaq.today.

Әнші бұл жайлы Instagram парақшасында мәлімдеді.

«Түркия мен Сирияда және басқа да көптеген елде болған апат мыңнан астам адамның өмірін қиғанын естідім. Қаза болғандардың отбасына қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын. Зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуі үшін күш-қуат тілеймін», — деді Димаш Құдайберген. Сонымен қатар танымал әнші әлем бойынша өткен турнесінен түскен қаражаттың бір бөлігін табиғи апаттан зардап шеккендерге көмек ретінде аударатынын айтты. «Сондай-ақ «Stranger» турнемнің аясында билет сатудан түскен қаражаттың бір бөлігі табиғи апаттан зардап шеккендерге көмек ретінде аударылатынын хабарлаймын. Кейінірек толық ақпаратты командам сайтқа жариялайды», — деді Димаш Құдайберген.

Естеріңізге сала кетейік, Түркияда 6 ақпанда алапат жер сілкінісі болды. Кейінгі мәліметтерге қарағанда, көз жұмғандар саны 4 мыңға жуықтаған. Сондай-ақ табиғи апаттан 20 436 адам зардап шегіп, 5575 ғимарат қирағаны белгілі болды. Ал Сирияда мыңға жуық адам қаза тапқан.

 

Qazaq.today