«Бірінің қанын бірі ішіп, сүйектерін мүжімек…»: Жетісу өңірінде бүтін бір ауылдың ақсақалдары зар еңіреп жүр

Жетісу облысында бұрынғы полиция қызметкерінің әрекетіне бола бүтін бір ауыл ақ қар, көк мұзда сотқа барып, зарын айтып жүр. Ақсу ауданынан облыс орталығындағы сотқа қатысып жүрген ақсақалдардың алды сексеннен асып кеткен. Жүздеген шақырым жүріп, әуреге түскен ауыл тұрғындары өзгелерге тыныштық бермей жүрген дөкейдің қанағатсыз әрекетін тоқтауды талап етті, деп хабарлайды Qazaq.today ақпараттық агенттігі Azattyq Ruhy сілтеме жасап.

Мамай станциясындағы қарапайым тұрғындар ауыл маңындағы жайылымдық, суармалы жерлерді алуды 15 жыл күткен. Аудандық мәслихат депутаттарының бекітуімен арнайы комиссия ауылдық округ бойынша 33 мың гектар жерге 1,5 ай бұрын конкурс өткізген. Ауыл маңындағы жерге қарапайым тұрғындар иелік етіп, 69 адам жерге ие болады. Алайда мәслихат депутаттарының бекітуімен құрылған комиссияның жұмысына қанағаттанбаған отставкадағы шенді шу шығарып, халықтың көзінше ауыл әкімінің жағасынан алады. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұрынғы полицей сол конурста 1200 гектар жерді жеңіп алса да, қанағаттанбаған. Ал өзге адамдар 400-500 гектар жерден алыпты.

«АУЫЛДА ЭКС-ПОЛИЦЕЙГЕ ТИЕСІЛІ 7 МЫҢ ГЕКТАРДАЙ ЖЕР БАР…»

Конкурсқа риза болмаған экс-полицей сотқа арыз беріп, жерге әрең дегенде жеткен халыққа қарсы шығады. Тұрғындардың сөзінше бұрыннан мыңдаған гектар шұрайлы жерге, тіптен «қызыл сызықтағы» жерлерге де иелік етіп отырған дөкейдің әрекеті орынсыз. Себебі 6-7 мың гектар жері болса да экс-полицей туыс-таныстарының атынан арыз беріп, жер алмақ болған. Бірақ оның әккі әрекетіне кедергі келтірген тұрғындар мен комиссия мүшелері енді сотқа келуге мәжбүр.

 

«Жасым 70-те, міне қартайған шақта сотқа сүйретіліп жүрміз. Конкурс өткен соң нәтижесіне қанағаттанбаған Марат деген жігіт арыз жазып, ауылдағы ағайынды бір-бірімен өштестіріп, ру-руға бөліп, араға жік салды. Ол жігіттің істеп отырғаны дұрыс емес. Арыз жазушы 20 шақты адамның бәрі – өз туысы. Солардың атынан өзі жер алғысы келіп отыр. Оның онсыз да 5,5 мың гектар жері бар. Одан бөлек осы конкурста тағы да 1,2 мың гектар жер алды. Біз мұны жақсы білеміз. Ал қалған ауыл тұрғындарының әрқайсына 500 гектардың көлемінде жер тиіп отыр.

Конкурс әділ өтті. Мыңдаған гектар жері бар адам адалынан алып отырған азаматтардың жеріне таласып отыр. Бұл қанағатсыздық, тойымсыздық. Бұрын полицияда жұмыс істеп, зейнетке шыққан. Жеті адам ұялып, арызын қайтарған еді. «Біз жер алуға қатыспаймыз, біздің құжатымызды алып, атымыздан арыз жазып жіберген, біз мұны білмедік деп отыр», — деді Матай ауылының тұрғыны Толғанбек Мұсағұлов.

Әкімдіктің мәліметінше, Ақсу ауданы бойынша 2022 жылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге 7 конкурс өткізілген. Егінсу, Суықсай, Қапал, Қаракөз, Қызылағаш, Қарасу ауылдық округтері бойынша да осы комиссия мүшелері 27 мың гектар жерді тұрғындарға үлестірген. Халық аудан әкімі қаулысының негізінде жерлеріне мемлекеттік акт алып та үлгерген. Сол құрамдағы комиссия Матай ауылдық округі бойынша сегізінші конкус өткізгенмен, оны қарсы тарап заңсыз деп табуды талап етіп отыр. Уәждеріне сүйенсек, комиссия мүшелерінің құрамы ауыспаған.

«2022 жылдың 5 және 6 желтоқсанындағы №1 және №2 хаттамаға сәйкес жеңімпазды анықтау жөніндегі жер комиссиясының шешімін заңсыз деп табуды сұраймыз», — деді арызданушы жақ.

«1, 8, 9, 10, 13, 14, 19, 26, 27, 30, 32, 34, 55, 62, 63, 64, 65, 66, 67 және 68 нөмірлі лоттарды жарамсыз деп тануға талап-арыз қойылған», — деді судья Гүлнәр Бектұрғанова.

Бірақ ауыл адамдары бұл талап тап-таза заңға қайшы деп санайды. Себебі құрамы өзгермеді деген сылтаумен өздеріне бұйырмаған нөмірлердегі жерлерді ғана заңсыз деп тану ақылға сыймайды. Ондай жағдайда жер комиссиясының әрекеті тек белгілі бір жерлерге ғана емес, барлық ауылдық округтер бойынша заңсыз деп танылу қажет.

«Біздің талабымыз – осы іске қатысты екі әкімшілік істі қостыру. Облыс прокуроры істі қадағалауға алып, тұрғындарды қабылдасын, прокурор сотқа қатыссын. Жер комиссиясының мүшелері өзгермеген деп отыр. Оған мына қарапайым тұрғындардың қандай кінәсі бар? Осыған қатысты қарапайым адамның ойында мынадай сұрақ туындауы мүмкін: «Қалған 7 конкурс заңды болып, дәл осы біздікі заңсыз болып тұр ма?!» Комиссия мүшелері ол кезде де өзгермеген ғой. Осында ауылдың қарапайым тұрғындары жүр. Сонда қарапайым адамдар жер алмауы керек те, бұрыннан мыңдаған гектар жері бар дөкейлер үсті-үстіне жер ала беруі керек пе?! Осы күнге дейін аудандағы жер комиссиясының істерін заңды деп санаймыз. Себебі конкурстың бәрі республика көлемінде ашық өтіп, тікелей эфирде бейнетаспаға түсірілді», — деді қорғаушы Азамат Сәлімов.

«ЖАСЫМ 80-НЕН АСҚАНДА СОТТА ЖҮРМІН…»

Конкурстың шешіміне келіспегендердің заңгері арызды орыс тілінде жазған. Сот залына сыймаған ауыл тұрғындары істің орыс тілінде өтуіне наразылық білдірді. Бір заңгердің арызына бола бүкіл қазақ аулының үлкен-кішісін сотта орыс тілінде сөйлетудің өзі әділетсіздік деп санайды тұрғындар. Матайдан ат арытып Талдықорғанға арнайы келген алпыстан аса адам жер комиссиясының шығарған қаулысы заңды, әрі конкурс әділ өтті деп санайды. Шешімнің күшінде қалуын талап етіп отыр. Олардың айтуынша Марат есімді экс-полицей көздеген көп алқапты заң тұрғысында ала алмаған соң, осындай іске барған. Енді ауылдың кәрісі де, жасы да шықырлаған аязда облыс орталығына апта сайын сотқа барып, әуреге түсіп отыр.

«Жасым 80-нен асқанда сотта сүйретіліп жүрмін. Темір жол саласында 41 жыл жұмыс істедім. Оның ішінде «Матай» депосында жұмыс істеп зейнеткерлікке шықтым. 6 желтоқсан күні аудан орталығында жер бөлу мәселесі бойынша конкурс өтті. Сол конкурстан кейін біздің ауыл тұрғындарының басым көпшілігі жер алды. Оның көбі – жастар. Президентіміздің ауыл шарушылығын өркендету керек деген пәрмені бар. Оның үстіне қазір жастар да мал шаруашылығымен айналыса бастады. Кейінгі кезде сиыр, жылқы ала бастады. Жеке кәсіпкерлер де бар. Олардың жері таршылық етіп жатыр.

2016 жылдан бастап мораторий жариялады ғой. Сол мораторийдан кейін бірінші конкурс өтіп еді, оның қорытындысына кейбір азаматтар қарсы шығып жатыр. Байқау болған соң, жеңетін де, жеңілетін де адам болады. Біз осында сол жеңген азаматтарды қолдайық деп келіп отырмыз. Мәслихатпен тағайындалған комиссияның шешімін сол қалпы қалдырса дейміз. Заңдылық деген қайда? Жер жеңіп алғандарға мемлекеттік акт алу үшін аудан әкімі қаулы беру керек. Әкім оны бере алмай отыр. Біз көптеген шараға бара аламыз. Президент Әкімшілігіне, қажет болса елордаға бара алмыз. Тіпті халықаралық бағытта жүретін пойызды тоқтатамыз. Қазір ауылымыздағы жастарды ақсақалдар алқасы ұстап отырмыз. Егер біздің талап-арызымыз орындалмаса, біз де басқа шара қолданамыз», — деді Қыдырмолда Назарбекұлы.

Ақсу ауданының алты ауылдық округінде 197 жер учаскесі конкурсқа шығарылды. Жалпы көлемі 27 гектардан асады. 462 гектары – суармалы, 1318 гектар телім – егістік, 54 гектары – шабындық болса, қалған 25 мың гектардан асатын аумақ – жайылымдық жер. Дауға ұласқан 33 мың гектар жер Балқаш көлі маңына жақын. Теміржол стансасының қасы малға да, жанға да жайлы.

«Матай ауылына бардым, түсіндіру жұмысын жүргіздім. Алдыңғы ауылдық округтер бойынша дау шыққан жоқ. Тек осы Матай маңындағы жерлер бойынша шағым түсті. Арыз түскендіктен мен қаулыға қол қоя алмаймын. Соттың шешімінен соң ғана қаулы шығады немесе қайтадан конкурс өтеді», — деді Жетісу облысы Ақсу ауданының әкімі Есім Базарханов.

Он шақты жыл күтіп, жерге әрең жеткен жігіттер әділдік болмаса пойызды тоқтатып, жолды жабамыз деп отыр.

 «БІР-БІРІНІҢ ҚАНЫН ІШІП, СҮЙЕКТЕРІН МҮЖІМЕК…»

Жер комиссиясының 69 лот бойынша өткізген конкурсы 97 пайызға орындалып, қарапайым адамдар жеңімпаз атанған.

«Бір адамың кесірінен жастар екіге бөлініп жатыр. Осыларды сабырға шақырып тоқтатумен жүрміз. Жеңімпаз атанғандардың бәрі де Матай ауылының өсіп-өркендеуін қалайды. Матайда шабындық жоқ, егіндік жоқ, тек темір жол мен осы мал шаруашылығы ғана. Темір жолдың көп салалары қысқарып та жатыр. Сондықтан жастарымыздың көбі мал шаруашылығына ауысып жатыр. Қызылқұмды жерде тұрамыз. Суармалы жер де жоқ. Конкурсты даулап жүрген Өмірбек Марат Сембекұлы деген жігіт. Оның жері де, малы да бар. Тіпті, малды бордақылау үшін бұрынғы әскери бөлімшені де өзіне алып алған. Осының бәрін қанағат тұтпай тұр бұл бала. Жастарды сабырға шақырмасақ Матай ауылы екіге бөлінгелі тұрмыз. Енді бір-бірінің қанын ішіп, сүйектерін мүжитін шаққа жетіп отыр. Сол себепті ақсақалдар бас болып, жастарды сабырға шақырып, шапқылып жүрміз.

Егер осы соттың шешімі әділ шықпаса, онда жоғары жаққа шағымданамыз. Марат Өмірбек деген жігіт – бұрынғы полиция қызметкері. Ол жастарға қазірдің өзінде сот біткеннен кейін де аяқтарыңнан шалып, күн көрсетпейміз деп қоқан-лоққы көрсетіп отыр. Ол тіпті 7 жылдан бері Матай ауылының әкімі болып отырған жас балаға да көрсетпеген қорлығы жоқ. Өйткені әкім ауыл үшін жанын салып, конкурсқа кіріскен. Ол жігіт көп жерге иелік ету үшін 20 адамның куәлігін өзі алып алып, арыз түсірген. Заңсыз. Олар қорқып үндемеген еді. Енді ішіндегі 7 адам жерге қатысуға өздерінің өтініш бермегенін айтып, қайта қарсы арыз жазды.

Сот арасында онлайн өтеді. Бәрің бір кабинетте отырыңдар дейді. Ал қарсы тараптың адвокаты – орыс. Оның арызына бола бүтін бір ауыл сотта орысша сөйлеуіміз керек пе?! Қорлық қой. Онлайн өтіп жатқандықтан аудармасы да естілмейді. Ал мына жақтан 69 қазақ қатысып отырмыз, осы енді заңды ма?», — деді Ақсу ауданы Матай стансасының тұрғыны Дария Доспаева.

 

«Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ» болған Матай ауылындағы даудың қашан аяқталары белгісіз. Облыстық сот істі ақпан айының басында қайта қарамақ.