Бірде-бір ұшағы жоқ: отандық санавиация әуе компанияларына миллиардтап қаржы жұмсай ма?

Еліміздің Медициналық авиация қызметі жыл сайын қанша қаражат жұмсайтынын құпия ұстайды. Мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын мекеменің шығыны туралы Денсаулық сақтау министрлігі де жауап беруден бас тартты. Медициналық авиация қызметі Денсаулық сақтау министрлігінің «Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығына» қарасты. Алайда тәуелсіздік алғалы 30 жыл өтсе де орталықтың балансында әлі күнге дейін өзінің бірде бір әуе көлігі жоқ, деп хабарлайды Azattyq Ruhy сілтеме жасаған Qazaq.today ақпараттық агенттігі.

Мекеменің ресми сайтында жарияланған деректерге сүйенсек, 2013 жылдан бері Қазақстанның медициналық авиациясында 14 ЕС-145 тікұшағы және заманауи медициналық жабдықтармен жарақтандырылған екі Ка-32 тікұшағы болды. Осы тікұшақтарды ұшу және техникалық пайдалануды «Қазавиақұтқару» АҚ ұшу және инженерлік-техникалық құрамы жүзеге асырады. Бұдан басқа, медициналық авиация саласы бойынша: ЕС-120В, ЕС-135, Ми-8, MD-600N, Во-105 тікұшақтары және Як-40, Ан-24, Ан-28, Ан-2 ұшақтары бар 7 жеке авиакомпания жұмыс істейді. Осылайша, 10-нан астам үлгідегі әуе кемелерінің 25 бірлігі бүгінде Қазақстан Республикасының медициналық авиациясында пайдаланылады.

Яғни медициналық авиация желісі бойынша авиациялық қызметтерді ұйымдастыру үшін «Авиациялық қызметтерді сатып алуға қатысты шарт» жасалады.

«Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 41-бабының 3-тармағына және Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 30 наурыздағы №236 бұйрығымен бекітілген мемлекеттік тапсырманы әзірлеу және орындау қағидаларының 3-тарауының 12-тармағына сәйкес мемлекеттік тапсырманы орындау Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасында көзделген конкурстық рәсімдер сақталмай жүзеге асырылады», — делінген ҰШМҮО-ның берген жауабында.

Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы медициналық авиация желісі бойынша авиациялық қызметтерді сатып алуды баға ұсынысын сұрату арқылы жүзеге асырады. Алайда сатып алу тәсілінің қай тетік арқылы жүзеге асырылатыны белгісіз. Денсаулық сақтау министрлігінен орталықтың мемлекеттік сатып алу арқылы жүзеге асырған сілтемелерін сұратқан едік, жауап мардымсыз болды. Ведомство бірде-бір сілтемені көрсетпеді.

«ҰШМҮО ұйымдылық саясат пен коммерциялық және қызметтік құпияның сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес қаржымен байланысты кәсіпорын ақпарат бере алмайды», — делінген жауапта.

Алайда нұсқаулықтың өзін немесе мәтінін жіберуді өтінген едік, бұл өтініш те жауапсыз қалды.

Жалпы Денсаулық сақтау министрлігінің берген мәліметтеріне сүйенсек, «Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы» 2022 жылы 1 тікұшақ пен 3 түрлі ұшақтың қызметтерін пайдаланған екен.

Аталған әуе көліктерінің қызметіне жұмсаған қаражат құпия күйінде сақталып отыр. Дегенмен Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының ресми сайтында 2022 жылғы әуе кемелерінің тарифтеріне қатысты деректер табылды.

2019 жылдан 2022 жылға дейінгі кезеңде шетелдік клиникаларда ем алған 67 пациентті, ҚР азаматтарын тасымалдау үшін 56 ұшу орындалды. Пациенттер Түркия, Франция, Швейцария, Оңтүстік Корея, АҚШ, Чехия, Филиппин, Ресей Федерациясы, БАӘ, Тайланд, ҚХР, Италия, Германия, Израиль, Үндістан, Қырғызстан, Грузия елдерінен тасымалданды.

Денсаулық сақтау министрлігінің жазуынша, ҰШМҮО-да медициналық авиация нысанында авиациялық және медициналық қызметтердің көлемін айқындауға және әлеуетті өнім берушілерді таңдауға арналған авиациялық және медициналық қызметтерді сатып алу жөніндегі комиссия тұрақты негізде жұмыс істейді.

2022 жылғы 12 айда Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының күшімен 2 357 ұшу, оның ішінде – 15-і шетелдік медициналық клиникаларда жатқан ауыр халдегі пациенттерді тасымалдау жүзеге асырылды. Шетелдік тасымалдауды есептемегеннің өзінде ел ішінде 2 342 ұшу орындалған.

Тарифтерге көз жүгіртсек, әуе кемелерінің ішіндегі қызметі ең арзаны – АН-2 ұшағы. Тіпті дәл осы ұшақтың қызметін кемі 2 сағатқа 2 347 рет пайдаланды деген мистикалық тәсілмен есептесек, төленетін сома 1,5 млрд теңгеден асып жығылады. Ал шындап келгенде бұл сандардың бұдан көп болуы бек мүмкін.

Медициналық авиация желісі бойынша авиациялық қызметтерді сатып алу шарттарының жобаларында 2023 жылы АН 2, AН 24, ЕС 145, Як-40 және Pilatus PC-12/47E / L-410 әуе кемелері көрсетілген.

Өз кезегінде Денсаулық сақтау министрлігі 2022 жылдан бастап ҰШМҮО сайтында «Сатып алулар» – «Өңірлік ұшулар» бөлімінде авиациялық қызметтерді сатып алуды өткізу туралы хабарландырулар және олардың қорытынды хаттамалары жарияланатынын атап өтті. Десе де орталықтың ресми сайтындағы «Сатып алулар» бөлімінде қызмет құны әдеттегідей жасырын күйі қалған.

Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының 2023 жылға арналған тарифтері мынадай: