Балаларды ұруға заңмен тыйым салынды

Ташкент, Өзбекстан (19 қараша 2024) — Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев ата-аналарға балаларын тәрбиелеу кезінде ұруға тыйым салатын заңға қол қойды. Бұл туралы Qazaq.today тілшісі Lex.uz сайтындағы ресми құжатқа сілтеме жасап хабарлады. Заң 2025 жылдың 15 мамырында күшіне енеді.

Фото: rgmedia.kz

«Балаларды зорлық-зомбылықтың барлық түрлерінен қорғау туралы» заң кәмелетке толмағандардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды көздейді. Заңда «балаларды тәрбиелеу тәсілі балаларды немқұрайлылықтан, қатыгездіктен, азаптаудан, ар-намысты қорлайтын қарым-қатынастан, зорлық-зомбылықтан таза болуы керек» деп көрсетілген.

Заң бойынша зорлық-зомбылық түрлері:

  • Физикалық
  • Психологиялық
  • Жыныстық
  • Қамқорлық көрсетпеу
  • Қанау, қорқыту

Зардап шеккен бала уәкілетті органдарға немесе сотқа хабарласып, арнайы орталықтарда немесе сенім телефоны арқылы тегін құқықтық, экономикалық, әлеуметтік және медициналық көмек алуға құқылы.