Қазақстанда TikTok бұғатталмайды, бірақ шарттары бар

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Руслан Абдикаликов TikTok платформасы еліміздің талаптарын орындап тұрғанша Қазақстанда бұғатталмайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Qazaq.today сайты Todayinfo.kz сілтеме жасап.

Бұл туралы Абдикаликов ОКҚ брифингінде заңға қайшы контент немесе жеке деректердің таралуы анықталса, платформаны бұғаттау мүмкіндігі туралы сұраққа жауап беру кезінде айтты.

Руслан Абдикаликов заңға қайшы интернет-контентті мониторингтеу және оған қолжетімділікті шектеумен Мәдениет және ақпарат министрлігі айналысатынын атап өтті.

«Біздің ел азаматтарынан TikTok платформасында жеке деректердің таралуы туралы ешқандай шағым түскен жоқ. (…) Егер біз осындай фактілерді анықтасақ, бірінші кезекте TikTok әкімшілігімен тікелей байланысамыз. Екіншіден, байланыс туралы заңнамаға сәйкес әріптестерімізге жүгінеміз, егер келіссөздеріміз сәтсіз болса, олар ескерту шығарады. Ең соңғы шара ретінде, еліміздің заңды талаптарын орындаудан бас тартқан кез келген платформа шектелуі мүмкін. Бұл тек TikTok-қа ғана емес, кез келген платформаға қатысты», – деді Абдикаликов.

Цифрлық даму министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитеті сондай-ақ Telegram қосымшасы Қазақстанда өз кеңсесін ашып, ресми өкілін тағайындауды жоспарлап отырғанын растады.

«Біздің министрмен келіссөздер нәтижесінде, Қазақстанда Telegram және басқа да платформалардың кеңселері ашылады деп келісілді. Жалпы, біздің Цифрлық даму министрлігі түрлі шетелдік платформалармен, тек Telegram ғана емес, мысалы, Meta және АҚШ-тың басқа да платформаларымен жұмыс істеп, оларды Қазақстанға шақыруда. Біз мұндай мүмкіндіктерге ашықпыз», – деді Ақпараттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Үмітжан Арықбекова.