«Қазақстанда әділдік жоқ, елден көшемін»: Марқұм Шерзаттың әкесі мәлімдеме жасады (видео)

Талғарда бір топ қаскөйлердің қолынан қаза тапқан 16 жастағы Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов Қазақстаннан көшуден басқа амалы қалмағанын айтып, халыққа видеоүндеу жасады. Ол ұлының өліміне қатысты әділ шешім шықпайтынына көзі жеткенін мәлімдеді. Бұл туралы Qazaq.today хабарлайды.

Фото: Видеодан скриншот

Қаржаубай Нұрымов өз сөзінде:

«Бір ғана өтінішім бар, қазақ елінде ешқандай қан төгіс болмасын. Тоқаев мырзадан сұрайтыным, отбасымды аман-есен алып, басқа мемлекетке көшіп кетуіме жағдай жасасын», – деді.

Сонымен қатар, ол желіде тараған өзінің пышақ ұстаған видеосына қатысты пікір білдірді.

Пышақ ұстаған видеоға қатысты түсініктеме

«Олар пышақпен келді. Мен енді қаламмен немесе қағазбен шықпаймын ғой. Жалынып, жалбарынып сұрадым, қолдарын алдым. Сол жерде еркекше қол алысып кетті. Артынан келіп істеп отырған тірлігі мынау. Егер мен, Шерзат немесе Нұрғанат сол жерде қан төксек, бізді қаралап, ‘қанішер’ десеңіздер болады. Мен қан төккен емеспін, қан төкпеймін де. Басымдағы жағдайды, қарындасымның, анамның, әйелімнің қалай жылағанын көрсеңіздер түсінесіздер. ‘Анам, әкем’ деп жылау бір бөлек, бірақ ‘ботам’ деп жылау мүлдем бөлек. Мен қазақ болғандықтан, бірде-бір қазақтың қаны төгілмесін деймін. Айтарым осы. Соттаймын, атамын десеңіздер, өздеріңіз білерсіздер», – деді марқұмның әкесі.

Шерзаттың өлімі қоғамда үлкен резонанс тудырып, әділдік іздеген әкенің сөздері көпшіліктің жүрегіне жетті. Бұл оқиғаға байланысты ресми органдардың әрекеті және тергеу нәтижелері қоғам назарында болмақ.

https://youtu.be/GjQMhpN7tus?si=PCUc4AVE3qxuRAGw