Фото: gov.kz
Зейнетақы жинағындағы ақша енді көз емдеуге берілмейді, деп хабарлайды Qazaq.Today ақпарат порталы.
«Отбасы банк» 2025 жылдың 4 желтоқсанынан бастап enpf-otbasy.kz платформасы арқылы зейнетақы ақшасын көзді емдеуге жұмсау туралы өтініш қабылдауды тоқтатқанын хабарлады. Бұған дейін қабылданған өтініштер қаралады.
«Өтінім қабылдауды тоқтату – денсаулық сақтау министрлігінің БЖЗҚ емдеу үшін пайдалану ережелеріне енгізген өзгерістерімен байланысты. 3 желтоқсанда тиісті бұйрық жарияланды. Жаңа ережелерге сәйкес, зейнетақы қаражатын стоматологияға да, офтальмологияға да пайдалануға рұқсат берілмейді» деп жазылған «Отбасы банктің» хабарламасында.
Банктің айтуынша, қазіргі кезде «офтальмология» бағыты бойынша жалпы құны 13,3 млрд теңге болатын 15 808 өтініш келіп түскен: 5 мыңнан астам өтініш бойынша құжаттарды банк қызметкерлері тексеріп жатыр, 10,6 мыңнан астам өтінішке қатысты қосымша құжаттар сұралып жатыр.
Банк өкілдерінің айтуынша, тіс емдеу қызметі бойынша өтініш қабылдау тоқтатылғаннан кейін көзді емдету бойынша өтініштер күрт ұлғайған. Егер 15 қыркүйекке дейін айына шамамен 174 өтініш келген болса, ізінше бұл көрсеткіш 7 есе артып яғни, 1264-ке жеткен.
Банк өкілдері бір мезетте «күмәнді жайттарды» да байқағанын атап өтеді.
Айта кетейік, қоғамдық орындарда никаб кигендерге жаза қолдану мәселесі мәжілісте мақұлданды.
