Фото: tvc.ru
Мәскеуде Ресей президенті Владимир Путин мен АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф арасында келіссөздер өтті. Кездесуде Украинадағы соғысты тоқтату жөніндегі ықтимал жоспарлар талқыланды, деп жазады inbusiness.kz BBC-ге сілтеме жасап.
Бұл – Уиткоффтың биыл Мәскеуге жасаған алтыншы сапары. Келіссөзге АҚШ тарапынан Дональд Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнер қатысса, Ресей атынан президенттің көмекшісі Юрий Ушаков пен РФ Тікелей инвестициялар қорының басшысы Кирилл Дмитриев болды. Кездесу шамамен бес сағатқа созылып, Мәскеу уақытымен түнгі 00:30-да аяқталған. Айтулы жиын жоспарланған уақыттан үш сағат кеш басталған.
Ресей БАҚ-тарының хабарлауынша, келіссөзден кейін Стив Уиткофф АҚШ-тың Мәскеудегі елшілігіне барған.
«Аумақтық мәселелер бойынша әзірге ортақ шешім жоқ, бірақ АҚШ бірнеше ұсыныс жасады», – дейді Путиннің көмекшісі Юрий Ушаков.
Оның айтуынша, екі тарапты әлі де ауқымды жұмыс күтіп тұр. Вашингтон ұсынған кейбір ұсыныстар Путиннің сынына ұшыраса да, бірнешеуіне ол келісім білдірген. Ресей мен АҚШ байланыс арналарын ашық ұстап, диалогты жалғастыруға уағдаласқан. Мәскеу Трамптың 27 тармақтан тұратын жоспарын қарап шыққан, сондай-ақ тағы төрт құжат талқыланған.
NBC News ресейлік шенеунікке сілтеме жасап, келіссөздер барысында Ресей ешқашан ымыраға келмейтін үш талап қойғанын хабарлады. Оларға:
– Донбастың толықтай Ресейге берілуі;
– Украина Қарулы Күштерінің санын шектеу;
– АҚШ пен Еуропаның Ресей бақылауындағы украин аумақтарын ресми түрде мойындауы секілді шарттар кіреді.
Тараптар келіссөздер туралы егжей-тегжейлі ақпаратты жарияламауға келіскен.
