«Алтын орда» дауы: Белгілі заңгер Болат Назарбаевтың мүддесін қорғап жүр

Елордалық құқық қорғаушы күтпеген жерден Болат Назарбаевтың мүддесін қорғап, құқық қорғау органдарынан Алматыдағы «Алтын Орда» базарының жаңа иелерімен дұрыстап сөйлесуді талап етті. Заңгер Дәурен Ғабдул баспасөз мәслихатын өткізіп, бірінші президенттің інісінен базар заңсыз тартып алынғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Соңғы уақытта Нұрсұлтан Назарбаевтың туыстары жаппай сотталып, 30 жыл ішінде алған заңды-заңсыз мүліктері тексерілуде. Алайда олардың мүддесін қорғаушылар да аз емес.

 – Бұл істі зерттей келе, біздің заңгерлер тобы «Алтын Орда» базарын сатып алу бойынша мәміле заңсыз жасалған деген қорытындыға келді, – деп астаналық заңгер Дәурен Ғабдул айды аспаннан бір-ақ шығарды.

Десе де, құқық қорғаушы Болат Назарбаевқа еш қатысым жоқ, бұл істе оның адвокаты емеспін деп сендірді. Бірақ жаңа Қазақстанда меншік алудың ескі тәртібі жойылуы керек деген пікірде.

 – Базар ескі иелерден жаңа қожайындардың қолына бір мәміле арқылы өтті. Оның алдында 2017 жылы «Алтын Орда» базары рейдерлік басып алу нәтижесінде сатып алынғаны туралы арыз болған. Ол осы жылдың сәуір айының басында берілді. Ал 8 күннен кейін базар әлгі арызды жазған адамдардың меншігіне айналды. Бұл күдік тудырады, – дейді Дәурен Ғабдул.

«Алтын Орда» базары кімге тиесілі екені белгілі болғаннан кейін заңгердің көкейінде одан да көп сұрақ туындаған. Оның анықтауынша, «Алтын Орда» акцияларының 95%-ы директоры Александр Недогарко, ал құрылтайшысы Хамзин Еркебұлан болып табылатын компанияға Болат Назарбаевтың атынан сатылған. Олардың екеуі де бір кездері Солтүстік Қазақстан облысындағы экономикалық тергеу департаментінің құрылымдық бөлімшелерінің басшылары болған. Акциялардың тек 5%-ы Данияр Әлпиевте қалған, ол бір кездері рейдерлік басып алу нәтижесінде оның отбасы базардан айырылды деп мәлімдеген болатын.

Дәурен Ғабдулдың айтуынша, көктем бойы базар тексеріліп, еңбек заңнамасының, құрылыс нормаларының көптеген бұзушылықтары және, әрине, салық бойынша берешегі анықталған. Базардың ескі иелері – «Құрылыс ЛТД» ЖШС салық қызметкерлеріне 1,5 млрд теңге төледі, ал қалған заңбұзушылықтар не болды? Оларды жаңа иелер жоюы керек еді. Алайда құқық қорғаушының сөзінше, базардағы келеңсіздіктер көбеймесе азаймаған.