Алматы көшелерінде автобустар батпаққа батып жатыр (видео)

Алматыда қоғамдық көліктер батпаққа айналған жолға батып, жүре алмай жатыр. Батпаққа батқан автобустарды шығару үшін адамдар арнайы техника шақыруға мәжбүр болған, деп хабарлайды Qazaq.today ақпараттық агенттігінің тілшісі. Ал жолаушылар батпаққа толы аялдамада тұруға мәжбүр.  Қаланың «Нижняя Пятилетка» шағын ауданындағы тұрғындардың жүріп-тұруы қиындаған. Зенькович, Бесембаев және Бартольд көшелерінде жолдар апатты жағдайға айналған. Көшелер балшық пен шалшыққа толып кеткен. Тұрғындар аяқтарына амалсыз полиэтилен пакеттерін киуге мәжбүр. Халық жолға жөндеу жұмыстарының жүргізілмейтінін айтады. Жергілікті тұрғындар мен автобустан түскен жолаушылар көшелердің нашарлығына шағымданған видеоларды таратты.

«Біздегі жолдың қандай жағдайда екенін қараңыздар. Зенькович көшесінде №74 бағыттағы автобус  батып қалды. Қалай жүруге болады? Жер ойылып кетті. Өзіңде батып қалуың мүмкін, жүру қауіпті. Біз Түрксіб ауданында тұрамыз. Өте қорқынышты. Балалардың өзін автобусқа отырғызуға қорқамыз. Автобус қисайып, бір жағымен батпаққа батқанда балам қатты  қорқып қалыпты. Анау жақта екінші автобус батпаққа батып жатыр», — деді жергілікті тұрғынның бірі.