Оқиға 27-шағын ауданда орналасқан «Ақсу» дүкенінде болған. Ішімдікке сылқия тойып алған тұрғын сыра сатпағаны үшін саудагердің оң жақ бетінен жұдырықпен ұрған, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Айыпталушыға 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Жалпы мұндай жағдайда ҚР Қылмыстық Кодекстің 293-бабы 1-бөлігінің санкциясында 500-ден 2000 айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, сол мөлшерде түзеу жұмыстарына немесе 300-ден 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға және 2 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.
«Сот жаза тағайындау барысында сотталушының қылмыстық жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ. Сот үкімімен ол Қылмыстық кодекстің 293-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», — деп хабарлады Ақтау қалалық сотының баспасөз қызметі.