Үкімет резервінен Ұлытау облысының сумен жабдықтау жүйесін жаңғыртуға 1,8 млрд теңге бөлінді. Тиісті құжатқа Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойған, деп хабарлайды Qazaq Today.
Бұл қаржы Президенттің халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету және тұрмыс деңгейін арттыру жөніндегі тапсырмасын орындау аясында Жезқазған қаласындағы шаруашылық-ауыз су тазарту кешенін реконструкциялауды аяқтауға бағытталып отыр.
1966 жылы салынған нысанның тозу деңгейі 90%-ға жеткен.
Хабарламаға сәйкес, қазір объектіде ұзындығы 4 шақырым инженерлік желілер (кәріз, жылу, жарықтандыру) жүргізілді, жаңа трансформаторлық қосалқы стансалар мен тарату пункттері салынды. Сүзілген және ауыз суға арналған төрт резервуар қайта жөнделіп, пайдалануға берілді, сорғы жабдығы толық жаңартылды. Үкіметтен бөлінген қосымша қаржы құрылыс-монтажды аяқтап, нысанды 2026 жылы жоспарланған уақытта іске қосуға мүмкіндік береді.
Жезқазған инфрақұрылымын жаңарту – елді ауыз сумен қамту деңгейін арттыру бойынша жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстардың бір бөлігі. 2024 жылдың қорытындысында сапалы ауыз суға қолжетімділік қалаларда 99,4%, ауылдарда 98% болған.
2025 жылы бұл көрсеткішті 100%-ға жеткізу үшін республикалық бюджеттен 257 жобаға 105,7 млрд теңге қарастырылған. Сонымен қатар, Арнаулы мемлекеттік қор есебінен 229 жобаға тағы 135,8 млрд теңге бөлінеді.
Үкімет бөлінген қаражаттың тиімді әрі мақсатты игерілуін бақылап, Президенттің азаматтардың әл-ауқатын арттыру жөніндегі тапсырмаларын орындау үшін жұмыстың сапасын қадағалайтынын мәлімдеді.
