WBO үнсіз қалмады: Жәнібек Әлімханұлына қатысты ресми тергеу басталды
Қазақстандық чемпион Жәнібек Әлімханұлының айналасындағы жағдай күрделене түсті. Дүниежүзілік бокс ұйымы (WBO) отандасымыздың допинг-сынамасына қатысты ресми мәлімдеме жасап, ішкі тексеріс басталғанын хабарлады.
Бұл туралы ұйымның X (Twitter) әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында жарияланды. WBO өкілдері VADA (Ерікті допингке қарсы қауымдастық) тарапынан «Qazaq Style»-дың сынамасы оң нәтиже бергені туралы хабарлама алғанын растады.
Еске салайық, 6 желтоқсанға жоспарланған Эрисланди Лараға қарсы жекпе-жек алдындағы тексеріс кезінде боксшымыздың қанынан мельдоний табылған болатын.
Ұйым Жәнібектен не талап етіп отыр?
WBO жағдайды жылы жауып қоймай, өз ережелеріне сай әрекет етуге көшті. Ресми хабарламада былай делінген:
«Біз спортшылардың қауіпсіздігі мен адал бәсекелестікті қолдаймыз. WBO ережелері мен регламентіне сәйкес, ішкі тергеу процесі басталды. Жақын арада Жәнібек Әлімханұлына түсініктеме беру туралы ресми талап (Show Cause Notice) жіберіледі».
Бұл дегеніміз – қазақстандық боксшы WBO алдында есеп беріп, тыйым салынған заттың ағзасына қалай түскенін дәлелдеуі тиіс. Егер дәлелді себептер келтірілмесе, мәселе чемпиондық белбеуден айыруға дейін баруы мүмкін.
Әзірге ұйым қосымша түсініктеме беруден бас тартты. Барлық шешім тек жазбаша түрде хабарланатын болады.
«Qazaq Style» берілуге ниетті емес
Осыған дейін америкалық инсайдер Майк Коппинджер жекпе-жектің өтпей қалу қаупі жоғары екенін жазған еді. Кейіннен жекпе-жектің тоқтатылғаны белгілі болды.
Алайда, Жәнібек Әлімханұлы бұл айыптаулармен келіспейді. Ол әлеуметтік желіде VADA алған алғашқы сынаманың таза болғанын, дәрумендерін өзгертпегенін айтып, жанкүйерлерін сабырға шақырды.
Чемпион қазіргі уақытта қайта тексеруді талап етіп, өз ақиқатын қорғап қалуға тырысуда. Қазақ елі өз батырының ақ екеніне сенім білдіріп, қолдау көрсетіп жатыр.
