Фото: видеодан скрин
Эколог мамандар әлеуметтік желілерде «Caspian Riviera» қонақүйінің жанында теңізге судың ағып жатқанын анықтады.
Бұл туралы Qazaq Today ақпарат порталы жазады.
Оқиғаға байланысты облыстық экология департаментінің мамандары тексеру жүргізді.
Әлеуметтік желілерде тарап жүрген бейнежазбада аталған қонақүйдің жанындағы құбырдан тікелей теңізге ағынды судың төгіліп жатқаны анық байқалады.
– 17 қараша күні Маңғыстау облыстық экология департаментінің мамандары төгінді фактісін анықтау үшін оқиға орнына барды. Табылған құбырдан су үлгілері алынды. Зертханалық талдау нәтижелері қоршаған ортаны қорғау бойынша қажетті шараларды қабылдау және ластану деңгейін анықтау үшін қосымша жарияланатын болады, – делінген хабарламада.
Осыған дейін Ақтаудағы 7А шағын ауданы жағалаудағы дәмханалардың бірінен теңізге лас судың ағып жатқанына қала тұрғындары бейнежазба түсіріп, желіде жариялаған еді. Алайда, аталған видеоға әкімшілік не экологтар жауап қатқан жоқ.
