Ақтаудағы шағын ауданның бірінде қарсақ жүр

Фото: Lada.kz

Ақтау қаласындағы шағын аудандардың бірінде қарсақтың еркін жүргені туралы ақпарат пайда болды. Тұрғындар дала түлкісін автотұрақтың маңынан байқаған, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы Lada.kz-ке сілтеме жасап.

Оқиға 19 шағын ауданда орын алды. ECOJER қауымдастығының аймақтық экологиялық кеңесінің төрағасы Әділбек Қозыбақов түлкі мен қарсақ секілді жабайы жануарлардың елдімекендерге келуін алаңдатарлық жағдай ретінде бағалап отыр.

“Мұндай жануарлардың қалалық ортада жүруі қалыпты нәрсе емес. Жыртқыш ауру болуы мүмкін. Оған тамақ беруге, оны сипауға немесе қасына жақындауға болмайды. Бұл туралы тиісті шараларды қабылдау үшін ветеринариялық бақылау инспекциясына хабарлау керек,” – деді маман.

Эколог мамандар қалада жабайы жануармен кездескен жағдайда арақашықтықты сақтап, байланысқа түспеуді ұсынып отыр.

Қарсақ немесе дала түлкісі – ит тұқымдасы, түлкі туысына жататын жыртқыш. Бұл жануар Оңтүстік-Шығыс Еуропа мен Азияның далалық, жартылай шөлейтті және шөлейт аймақтарында таралған. Ол солтүстік Ираннан бастап, Қазақстан, Әзербайжан, Армения, Ауғанстан, Орта Азиядан Моңғолияға және Қытайдың солтүстік-шығына дейін кездеседі.

 

Яндекс.Метрика