Фото: Polisia.kz
Полиция департаменті хабарламалардың таралу көзін анықтап, әлеуметтік желілердегі ақпарат бойынша тексеру жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді, деп жазады Qazaq Today ақпарат порталы.
Маңғыстау облысында тұрғындардың WhatsApp чаттарында білім беру мекемелеріне жасалатын шабуыл туралы қорқыту хабарламалары таралуда.
– Құрметті тұрғындар! Мессенджерлерде мектептерде террористік актілер жоспарлануда деген жалған ақпарат тарауда. Азаматтарды осындай тексерілмеген хабарламаларға сенбеуге және оларды таратпауға шақырамыз. Қазіргі уақытта полиция тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр, қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Жағдай толық бақылауда, – делінген хабарламада.
Полиция департаменті террористік актілер туралы жалған хабар таратқандарға 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделгенін еске салып, тек ресми ақпаратқа сенуге шақырады.
Маңғыстау облысының білім басқармасы әлеуметтік желілерде таралған ақпаратқа байланысты полиция тарапынан тиісті тексеру жүргізілгенін хабарлады. Нәтижесінде көрсетілген білім беру ұйымдарының ғимараттары қауіпсіз екені расталды, арнайы актілер берілді.
– Осыған орай, 2025 жылғы 10 қараша күні Ақтау қаласындағы барлық мектептерде оқу процесі штаттық режімде, сабақ кестесіне сәйкес өтеді.
Білім беру ұйымдарында ешқандай қауіп-қатер жоқ, тұрғындарға алаңдауға негіз жоқ. Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін әр мектепте учаскелік полиция қызметкерлері кезекшілік атқарады, – деп жазды ведомстводан.
