Зілзалада Анадолы еліне Қазақстаннан еріктілер келіп аянбай еңбек етті — Қасым-Жомарт Тоқаев

Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының «Апат және төтенше жағдайлар менеджменті, гуманитарлық көмек» атты кезектен тыс саммитінде сөз сөйледі. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі жазды, деп хабарлайды Qazaq.today.

«Алапат зілзаланың зардабын тартқан Түрік елінің қайғысы – барша түркі жұртының қасіреті деп білемін. Қазақта «Қайғыны бөліссең – азаяды» деген сөз бар. Ағайынның басына күн туғанда біздің халқымыз ешқашан қол қусырып отырмайды.

Қазақстан халқы бірден түрік бауырларға қол ұшын созды. Құтқарушыларымыз және дәрігерлеріміз дереу көмекке аттанды. Қажетті құралдармен жабдықталған ең тәжірибелі, білікті мамандарымыз құтқару жұмысына атсалысты. Бауырлас елге гуманитарлық және қаржылай көмек көрсетілді», – деді Мемлекет басшысы.

Ол өз сөзінде Анадолы еліне көптеген еріктілер келіп, аянбай еңбек еткенін тілге тиек етіп өтті.

«Жойқын жер сілкінісі еліміздің азаматтарын да бей-жай қалдырмады. Біздің халқымыз бауырларымыздың басына түскен қиындықты бірге көтеруге атсалысты.

Қазақта «Асар» деген жақсы ұғым бар. Жұрт бірлесіп, мұқтаж жанға көмек қолын созады. Осы мақсатта Қазақстаннан Анадолы еліне көптеген еріктілер келіп, аянбай еңбек етті. Олар – ел басына ауыртпалық түскенде алғы шепте болатын шынайы патриот азаматтар, жаны таза адамдар.

Еріктілерді ортақ іске жұмылдыру аса маңызды. Сондықтан, мен Ұйымымызға мүше елдердің өкілдерін биыл Астанада өтетін Еріктілер форумына шақырамын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының кезектен тыс саммитіне қатысу үшін Анкараға жұмыс сапарымен келді

 

Qazaq.today