«Жүрсін поэзияға адал адам»: жас ғалым айтысқа адамдардың аз келетінін айтты

Жуырда «Асыл домбыра-2022» ақындар айтысы Алматыда өткен еді. «Алатау» дәстүрлі өнер театрында өткен аламан айтысқа көрермендерден бөлек, зерттеуші жас ғалымдар да қатысып, қазақ өнерінің қазіргі жағдайын бағамдаған еді. Айтыс өнерін зерттеп жүрген ғалымның бірі – Қанағат Баймұратқызы.  Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің  оқытушысы белгілі меценат, «TAS Group» компаниясының  басшысы Дулат Тұрсынұлының қолдауымен өткен айтысқа қатысты өзінің пікірін білдірді.

«Шынымды айтсам, бала кезімізден айтысты тек телеарнадан көріп өстік, тұлға болып қалыптасқаннан кейін айтысты сахнадан тікелей көру, ақындардың шабытын сезіну, ерекше сезім екен. Он алты жұптың айтысын тыңдаймын деп, алты сағаттың қалай өткенін байқамай да қалдым. Залға жиналған халық та айтысты сағынып қалыпты. Іштей қуандым, әрі мұңайдым.  Өкінішке орай, көрермен залында халық лық толды деп айта алмаймын. Әрине, YouTube  TV арнасынан онлайн тамашалаған жандар болды. Бірақта, айтыс сүйер бауырларыма айтарым: Қазақтың айтысын келіп көру керек екен. Себебі, ақындарымыздың рухқа толы сөздерімен, әуенін залдан естігенде кеудең рухани байлыққа толып, әрі көңіл-күйіңді көтеріп, жаның жай тауып қанаттанып қайтатыныңа кепілдік берем. Қазіргі таңда, ел арасында саңырауқұлақша қаптаған коуч-семинарларға кеткен уақытымызды осындай мәнді де мағыналы, сауапты істерге жұмсағанымыз абзал», — деді Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің 2-курс докторанты Қанағат Жалғасбаева.

Жас ғалымның сөзінше, ақындар мемлекет идеологиясының алға жүруіне көмек бере алатын күшке ие. Елдің ішіндегі өткір проблемаларды қозғап қана қоймай, саяси тақырыптарды да көтерген. Тіптен ол, айтыстан соң ерекше дарынымен көзге түскен маңғыстаулық ақын Арғынбек Қалыбаевтан да сұхбат алып, пікірін жазып алған.

«Айтыс туралы әр тақырыптан ой қозғаған ақындарымыз аз болмады. Әсіресе, жақында болатын Республикалық Референдумға бір ауыздан өз дауысымызды берейік, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың үндеген «Жаңа Қазақстанды» ел-халық болып бірге құрайық деп ұрандатқан айтыскер ақындарымыздың үні халық жүрегінен орын алды деп ойлаймын. Осы айтысқа Жүрсіннің шақыртуымен келдім. Бұл айтыстың ерекшелігі, сахнада тұрып жеребемен тартып, қарсыластың кім екенін анықтау. Бұл айтыста көптен қол үзіп кеткен, суырыпсалма айтыс дәстүрін жалғастырды деп ойлаймын. Бұл айтыс таза, әділ өтеді деген сөз. Айтыстың табиғатын бұзбай, бұрынғы көне айтысымызды жаңартқандай. 2021 жылдан бері «Асыл домбыра» айтысы осы жеребе тастау дәстүрін жалғастырып келеді. Жүрсін ағамыз өлеңге, поэзияға адал адам. Сондықтан «жасандылық болмасын, жаттанды болмасын шынайы түрде суырыпсалып, айтыскерлер сахнада нағыз өнерлерін көрсетсін» деген болатын. Біз бүгінгі таңда, айтыстың жаңа серпін алып жатқанын байқаймыз және де айтысқа қатысатын жастар өте көп. Айтысқа келуіме себептер болды. Ол өзімнің аталарым деп айта аламын. Аталарым, Маңғыстау өңірінде танымал ақын болған. Соның бірі, Жорық деген жырау өткен. Ханға «дат» айтқан Махамбет, Исатай бабаларымыздың сияқты, сол кісілердің ізін жалғастырушы жорық жырауы Қалнияз Шопықұлы деген атамыз болған. Мен сол кісінің тікелей ұрпағы болып келемін. Адайдың шежіресін жазған, қала берді Алаштың шежіресін жазған  Өмірзақ Қалыбайұлы дейтін өзімнің туған атам болды. Міне, сол ұрпақтан-ұрпаққа қанмен жалғасып келе жатқан өнер деп түсінемін.», — дейді ғалымға сұхбат берген ақын Арғынбек Қалыбаев.

Докторант айтысты көріп қана қоймай, ақындардың жеке өмірін де зерттеп көрген. Мәселен, Арғынбектің негізгі мамандығы мұнайшы. Кейбірі айтысқа кеш келсе де халықтың көңілінен шығып үлгерген.

 «Бұл пікір арқылы біз әрине, қазақтың түп- тамырынан бастау алған қасиетті өнердің әлі де өз табиғатынан үзілмегенін байқаймыз. Маңғыстау облысының ақыны Арғынбек Қалыбаевтың жанарынан жаста болса, жанып тұрған жалынды байқадым. Ол ата-бабамыздың рухының сөнбегені. Жетпіс жылда жоғалтып алуға аз қалған, ұлттық кодымызды осындай айтыс өнері арқылы халқымыздың асыл сөзі мен тілін  болашақ жас ұрпағымызға жарық беріп, жарқырата алатынымызға сенімім мол», — деп сөзін түйіндеді педагогика ғылымдарының магистрі Қанағат Жалғасбаева.

31