Жуырда ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері бағасының өсуін тежеу, сондай-ақ ішкі нарықты қажетті азық-түлікпен, жанар-жағармаймен қамтамасыз ету мәселелері бойынша кеңес өткізіп, Ауыл шаруашылығы министрлігінің жұмысын сынға алды. Жер жөнсіз жекеге берілді, ұн қымбаттап, халық қант таппай сенделді. Ауыл шаруашылығы саласын дамытуға мемлекеттен миллиардтаған субсидия бөлініп, сан түрлі жобалар қолға алынса да ауылдың жағдайы жақсарып кеткен жоқ. Үкіметтен қаншама жоба қабылданып, түрлі бағдарламалар қолға алынса да бұл саланың проблемасы көбеймесе азайған жоқ. Көз жетпес алқап пен жайылымды жерлердің жыры тым ұзаққа созылды. Тіптен сансыз сусидия бөлінсе де ет пен сүттің мәселесі шешілген жоқ. Ауыл шаруашылығындағы өзге де өзекті мәселелердің орын алуы мен оларды жоюдың жолдары жайында агроном, Луговой (қазіргі Т.Рысқұлов ауданы — авт) ауданының бұрынғы әкімі Сәбит Сұлтан пікір білдірді.
«Әкімдердің беделі жоқ…»
Сәбит аға, жуырда Премьер-министр ауыл шаруашылығы министрлігін кезекті рет сынға алды. «Министрліктің жұмысы жеткіліксіз. Квота бөлу ішкі нарықты тұрақтандыра алмады, өйткені тиісті деңгейдегі ұйымдастыру мен талдау болған жоқ. Бұған қоса, ведомство басшылығының шешім қабылдаудағы жайбасарлығы да әсер етті. Елде дүрлігу орын алды», — деді Үкімет басшысы. Сіздің ойыңызша бұл саланың үнемі сынның астына қалып, оңалмауына не себеп?
— Неге десеңіз, ауыл шаруашылығы министрлігін басқарған адамдар бұл саланы жетік білмеді. Қазақстанды өркендету үшін алдымен ауылдардың жағдайын жақсартуымыз керек. Біздің ауылдардың көбі әбден тозып кеткен. Бұрын халыққа жағдай жасайтынбыз, халыққа жұмыс беретінбіз, бәрін халық үшін жасайтынбыз. Қазіргі боп жатқан тірліктер қымбатшлық пен жоқшылыққа бастайды. Қанттың бағасы қымбат, әрі таппайсың. Бидайдың бағасы аспандап өсіп кетті. Бидай, қант, ет қазақтың негігі ауқаты. Неге біз қазір осындай тұрмысқа келдік, неге осындай жағдайға жеттік? Ауылдың кез келген шаруасына қатысты іске туған-туысқандарын тартады. Рушылдыққа, жершілдікке баса назар аударылған соң ауылдың жағдайын жақсарта алады деген адамды жолатпайды, біліміне, іскерлігіне ешкім қарап жатқан жоқ. Ауылдық жерлердің өзінде туысқандыққа, құда-жекжатқа, таныстыққа тартады. Ал жоғарыда отырған лауазымды тұлғалар тендермен ақша бөлу, есеп-қисап, бітпейтін нәтижесіз жиындармен жүр. Соның кесірінен біз қазір осындай қиын жағдайға келіп отырмыз. Бұл бір. Қазір ауылдағылар тентіреп кетті. Қала мен облыс орталығының арасында сенделіп жүреді. Не үшін? Неге десеңіз, қазір басшы жоқ. Әкім деп біреуді тағайындап қояды. Ауыл әкімдерінде қандай күш бар, әшейін барып кел, шауып кел ғана. Елдің алдында ешқандай беделі, салмағы жоқ. Ауыл әкімдерінің ғана емес, аудан әкімдерінің беделі жоқ. Жерге таласқан ауыл адамдарына сөздері өтпейді, тек егістікті оңды-солды үлестірумен жүрді кезінде.
«Қант тапшылығы жуырда шешілмейді…»
Биыл қанттың тапшылығы қатты сезілді. Еккен өнімді жинау жұмыстары жүріп жатыр. Күзде қанттың тапшылығы шешімін таба ма?
— Жамбыл облысының Байзақ, Т.Рысқұлов, Меркі, Шу аудандарында бұрын қант қызылшасын көп өсіретін. Биыл қызылша алқабының көлемін күрт азайтты. Басқа өңірлерде де жағдай мәз емес. Министр, бұның себебін басқаша бұрмалады. Министр, «фермерлер маған биыл облыстарда судың тапшылығы болады деген соң біз қызылшаны азайыттық», — деді. Ол ақымақтың сөзі ғой. Осы сөзі үшін ақ министрді орнынан алып тастауға болар еді. Іс жүзінде қызылша өте аз егілген, себебі мен салдары көп. Жердің тозуы, игерілмеуі, техника мен дизельдің жетіспеушілігі. Ең бастысы жерді игере алмайтын сырттағы адамдарды алып алып, ауыл адамдарына мүмкіндік бермеуі. Қызылшаның өнімі сәбіздің көлеміндей боп отыр қазір. Су тапшы деген сөзі үшін ақ ауыл шаруашылығы министрін орнынан алу керек еді. Керісінше биыл су, жауын-шашын мол болды. Сондықтан қанттың тапшылығы жаңа өнім жинаумен жойылып кетпейді, қанттың тапшылығы ұзаққа барады. Тапшылықтан жақында құтыла алмаймыз. Ол әншейін бір күнде болмайды. Күрішбаев ауыл шаруашылығын түсінетін министр болды. Бізге де сондай осы саланы түсінетін, ішкі қитұрқылықтарды, қиындықтарды білетін, қаржыны субсидия деп далаға оңды-солды шаша бермейтін, осы саланың жанашыр адамы керек.
Мемлекет бәлен миллион гектар жерді кері қайтардық деп жатыр. Арнайы жер комиссиясы да бар. Тіптен бұл мәселені шешуге саяси патриялар да араласты. Ауыл халқына тиесілі, пайға алған адамдардың жерлерін сырттан бөтен адамдар қалайша иемденіп алған?
— Ауылшаруашылығы коррупцияға толып кетті. Сосын жердің иелері сол ауылдың адамдары емес. Жердің қожайындары басқа жақта тұрады. Мысалы, менің жерімді алып алғандар Астанада отыр сенатор боп, біреуі Таразда отыр. Жерді тракторшының, малшының атына тіркеп қойған, өздері басқа жақта. Олардың жерге де, ауылдағы адамдарға да жаны ашымайды. Тракторларын жібереді, жерді айдайды, егінді жинап алып кетеді, бірақ ауылға ешкім қарап жатқан жоқ. Айналайындар, мына билікте отырған адамдар, жердің нақты иесі болу керек. Бізде қазір неге сапалы бидай жоқ? Себебі сапалы тұқым жоқ. Сөйте тұра «элитный» тұқымға бұлар субсидия алады. «Элитный қой», «элитный көкеніс» өсіреміз, ананы өсіреміз, мынаны қарық қыламыз деген желеумен тұрақты түрде субсидия алады. Ол әшейін өтірік жобалар, көзбояушылық. Бізде қазір өсіретін бидайдың сапасы — малдың жемі. Қазір базар-базарды аралап шықшы, дүкендерде қандай ұн сатылып жатыр? Солтүстіктен келген ұндар ғана тәуір, жергілікті облыстарда сапалы бидай қалмады. Біз өзіміз ұн шығара алмаймыз. Кезінде Жамбыл облысында 200-дей диірмен болған. Қазір оның біреуі істеп жатқан жоқ. Ауыл адамдарының пайға алған үлестік жерлері бар. Сол жерлерді әр адамға орнын көрсетіп және кадастровый нөмірлерін беру керек. Халық өздерінің жері қайда екенін білмейді. Бір ауылдың халқына тиесілі мыңдаған гектар егістікті үш-төрт адам иемденіп алған. Бұндай жағдай қай ауылға барсаңда алдыңнан шығады. Бөлінем, жеке шығам деген адамды ешкім тыңдамайды. Әкімдердің, әкімшіліктегі мамандардың ең қызық дүниесі — тендер, жақсы көретін «ойыншығы». Осында менің досым бар, үйінде отырған едік, әкім телефон соқты кешке қарай. Облыс әкімі келсе мен кетейін деп шығып бара жатқанда әлгілерде бірнеше машинамен келді. Мен кейін, әбден кешке неғып жүр бұлар? — деп едім, сонда досым, — кеше субсидия алып едім, соның «долясына» келді, — деді. Әкім басымен өзі ұялмай шаруадан ақша алуға келіп отыр. Әкімдіктен мыңдаған гектар жерді алғандар инвестор тарта алатындай болу керек. Олар инвесторлармен де сөйлесе алмайды ғой. Олардың білетіні – ұрлық. Біреудің жерін ұрлап алып, сол жақтан бөтірік бірнәрсе сеуіп, соған өтірік «отчет» беріп, субсидия алса бітті. Бізде қазір саясат, қоғамда саясат боп жатқан – ол өсек, өтірік, ұрлық. Басқа бізде жоқ.
Ұзақ жыл агроном, аудан әкімі болдыңыз. Кейінгі жылдары 400-500 жұмысшысы бар алып қожалықты басқарған адамсыз. Осы саланы қатты сынайсыз, өзіңіз басшылықта болғанда қандайда бір жетістікке жеткізе алдыңыз ба елді?
-Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары мен Подгорный совхозды қабылдап алғанда, ол ең кедей ауылдардың бірі болатын. 4-5 жылдың ішінде оны Қазақстандағы шаруашылығы дамыған алдыңғы қатарлы ауылға айналдырдық. Совхоздардың ішінен ең бірінші болып біз валютамен шетелге сауда жасадық. 3 млн АҚШ долларын алдық. Ақшаны біз талан-таражыға салған жоқпыз, ол ақшаға техника алдық, шұжық цехын аштық, халықтың жағдайын жасадық, үй салдық, мәдениет үйін тұрғыздық, газ өткіздік, жол жасадық. Тапқан табысты халықтың игіліне жұмсадық. 25 мың гектар егіс алқабы, 5 мың қой өсірсек, 3 мың бас сиырды саудық.
Подгорный ауылын ұстап түру үшін 25 мың гектар жерде жұмыс істеген 400 адамды, 3000 халық тұратын ауылды шашыратпау үшін қанша жыл соттастыңыз? Сізден қожалықты тартып алу үшін даулы іс қанша жылға жалғасты? Қанша жылдан кейін сіз жеңілдіңіз?
—2018- ші жылы түсіндім. Біздің шаруашылықтың ісі бойынша соттың соңғы шешімдерін Жоғарғы сотта Мамидың өзі қарады. Жоғарғы сот облыстың соттың шығарған шешімнің бәрін жоққа шығарды да, істі қайтып қараңдар деп кері жіберді. Құжат облыста қайта қаралғанша Мами қызметін ауыстырды да, Асанов келді. Ол облыстық соттың шығарған шешімдерін күшінде қалдырды. 2013 жылдан бастап бес жыл соттасып, ақыры жеңілдім. Сонда маған айтқандары, шаруа қожалығы әу баста «дұрыс құрылмаған»
«Жүрегі қазақ өз елін тонамайды…»
Сол кездегі мемлекет басшысынан көмек сұрамадыңыз ба? Ақпараттарға қарасам Назарбаевта сіздің шаруашылығыңызға келіп, оң пікір білдіріпті.
Мен Назарбаевпен кездескенде оның жасы алпысқа жетпеген еді. Ол кезде Назарбаев басқа болатын. Мен көрген Назарбаев басқа еді, оны бұзған өзіміз. Басқалар былай айтты деп, олай айтты деп мен ол кісіні жамандай алмаймын. Менің оған деген ойым жақсы, оң көзқарастамын. 2018 жылға дейін шаруашылықты тартып алғандар мен сол кездегі Мемлекет басшысына жолатпады, жолымды бөгеді. Айналасындағылар елді-жерді әбден тонады. Нағыз қазақ, жүрегі қазақ, өз елін, өз ауылын тонамайды. Шетелге тасымайды. 20-30 жыл бойы жоғары жақта отырғандар әлі сол орындарында. Асып-тасты, алдаумен келді елді. Министрліктен министрлікке, облыстарда аудан әкімдерін бір ауданнан басқа ауданға ауыстырады. Былай қарасаң, ауыс-түйіс болып жатыр, іс жүзінде айнала көшіп жүргендер елге пайдасын тигізіп жатқан жоқ. Мысалы, бір ауданды басқардың ғой, шумен, айқаймен кеттің немесе ол ауданның тасын өрге сүйрей алмадың. Бірақ оны алады да келесі бар жаққа әкім қылып тағайындап жібереді. Ондай кадрларды ауыстыра бергеннен не ұтасың? Біз кадр дайындаудан мақұрым қалдық, ел басқаратын жаңа кадрлар шыққанша әлі талай қиындықты бастан өткереміз. Сосын жауапты орындарға тәжірибесіне ғана қарамай, ДНК-сын да тексеру керек. Тегіне қараған дұрыс. Текті болса елін тонамайды. Бәйгеге ат қоссақ та әке-шешесін түгендеп, тегіне қараймыз жылқының. Кадр тағайындауда да арғы түбіне қараған артық болмайды, арғы тегі қайыршы немесе қайдан шыққаны белгісіз адам түбінде бәрібір елді тонауға барады. Әйтпесе, ойлашы, Қазақстан сонша байлығы бола тұра халқы неге кедей тұрады, қайда барсаңда жетіспеушілік, жоқшылық. Саны аз, жері бай мемлекеттің халқы неге кедей? Мен қазір айтар едім, сорлатып жіберді біздің халықты. Депутаттар кезінде Назарбаевты көтерді, «пайғамбар» жасады. Сол депутаттар қазір қалаға берген атын қайта өшіртіп жатыр. Бұл депутаттар жүрген бір «жезөкшелер» ғой. Мен солай айтар едім. Е, өздерің көтердіңдер ғой, не істеп жатырсыңдар сендер? Қазір де бұрынғы әуендеріне басып, Тоқаевқа өлең шығарып жатыр. Қазір ауыл-ауыл, қалаларды аралашы, енді базарға барсаң шошисың. Жаңа Қазақстан дегенді қай ақымақ шығарған? Қазір мынау кадрлық саясат не боп жатыр? Шынымды айтсам осы ауыс-түйістерді түсіне алмаймын, шахматтың тақтасы сияқты айналдырып қоя береді. Кезінде қазақ халқы батыр, мықты халық болған. Бірақ біздің рухымызды 30 жылдары ашаршылық кезінде «сындырып» тастаған. Сол кезде анасы, әкесі өзге балаларын аман алып қалу өзгенің етін жегізді, бір ұлын аман сақтау үшін қызын құрбан қылды. Сол кезде рухымыз сынып кетті. Ерік-жігерден айырылдық, көзі ашықтың бәрін атып өлтірді. Содан бері әлі ес жинай алмай келеміз. Жаңа Қазақстанға өткен жоқпыз.
Күзде Президент сайлауы өтеді, көктемде Парламент таратылып, депутаттар сайланады. Саяси өзгерістерден не күтесіз?
Ешнәрсе күтіп отырған жоқпын. Қайтып Тоқаевты сайлайды. Тоқаев премьер-министр болып тұрғанда оның кеңесшісі болдым. Өте биязы, мәдениетті адам. Талай ақылдасқан едік. Біздің билік қоғамда білімді адамдардың көп болғанын қаламайды. Қазір мына ауылды, жерді билеп отырған, істеп жатқандар кімдер? Білімсіз адамдар. Трактормен жер жыртып, егін жинау керектігін, тұқым себу керектігін біледі. Болды. Жыл сайын тұқымның сапасын жақстарту, жерді тоздырмай мол өнім алу, жаңа технологияны енгізу, табыс көлемін арттырып ауылдағы халықтың жағдайын жасау, шет мемлекеттен инвестор тарту, солардың әдістерін меңгеру дегенді неге істемейді? Ауылдарда әкімдері бар, жанашыр қожайын жоқ. Пайы бар адамдар өздерінің жер қайда екенін де білмейді.
Кезінде шетелден асыл тұқымды сиырды көп тасыды. Етті, сүйтті сиырларды сатып алып, өсіруге субсидия берілді. Бірақ халық әлі импортқа тәуелді. Қырғыздың сүтін ішеміз, АҚШ пен Ресейдің тағыуын, Қытайдың соядан жасалған етін жейміз…
Қазір дала жүрген, жолдың бойында малға қарашы, тұқымы тозып кеткен. Сиырлар ешкі сияқты. Не етті емес, не сүтті емес. Баяғыда ауылдағы кез келген сиыр күніне 20 литр құнарлы сүт беретін. Малдың да тұқымы тозған. Шетелден күндіз-түні қорада тұратын сиырды әкелді. Жемі де қымбат, әкелуі де, күтімі де қымбат. Одан ет пен сүттің мәселесі шешілді ме? Жоқ. Өзіміздің «Ақбас», «Алатау», «Әулиета» тұқымдарының сапасын жақсартып, өз жерімізге әбден бейімделген малдың тұқымын көбейтіп, өсіру керек. Сырттан ірі қара тасып, оған субсидия бөлу халықтың қаражатын шетелге және жекелеген адамдарға шашу. Шаруашылыққа араласпаса да ауыл әкімі елдің қолындағы малдың сапасын жақсарту үшін, малдың күйін дұрыстау үшін жұмыс істеу керек. Бірақ оған бас қатырған әкімді көрмедік.
Сұхбатыңызға рақмет.