«Жұмысқа тұрғызамыз»: екі ақтөбелік жұртты 40 миллионға алдаған

Фото: Polisia.kz

Мұнай компаниясына жұмысқа тұрғызамыз деп алдап, сол үшін ақша алған.

Ақтөбе қалалық сотында 170-тен астам адамға жұмыс тауып беруге уәде етіп, қызметі үшін 50-700 мың теңге көлемінде ақша алған екі сотталушыға үкім шықты.  Олар елді мұнай компаниясына жұмысқа тұрып, жоғары жалақы аасыз деп алдаған.

Ақтөбе қалалық №2 соты баспасөз қызметінің хабарлауынша, екі сотталушыға қатысты іс Қылмыстық кодекстің “Алаяқтық” бабы бойынша қаралды.

Іс материалына сүйенсек, М және А 2022 — 2023 жылдары аралығында тұрғындарға Атырау облысында орналасқан кен орнына вахталық әдіспен жұмысқа орналастыратынын айтып, сендіреді. Әр жәбірленушіден 50-700 мың теңге аралығында ақша алып, нәтижесінде 172 жәбірленушіден жалпы 40 миллион теңге иемденген.

Сотталушының бірі бұған дейін де алаяқтық жасағаны үшін сотталған болып шықты.

— Соттың үкімімен сотталушылар кінәлі деп танылып, А 6 жыл мерзімге, ал М 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар сот сотталғандарды коммерциялық ұйымдарда лауазымды қызмет атқару құқығынан айыру түріндегі қосымша жаза тағайындады. Жәбірленушілердің азаматтық талаптары қанағаттандырылды,- деп хабарлады Ақтөбе қаласының №2 сотының баспасөз қызметі.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

27