Жұлдызда жаңа мектеп пайдалануға берілді  

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Казталов ауданына жұмыс сапарымен барып, Жұлдыз ауылындағы А.Хұсайнов атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің ашылу салтанатына қатысты, деп хабарлайды Qazaq.today.

Жалпы құны 697 млн. теңге құрайтын 108 оқушыға арналған жаңа мектеп ғимаратын «Альтаир» ЖШС сапалы салып шықты. Ашылу рәсімінде сөйлеген сөзінде өңір басшысы жұлдыздық ағайынды көптен күткен қуанышты оқиғамен құттықтады. «Құрметті қонақтар, ұстаздар! Бүгін Жұлдыз аулындағы А.Хұсайнов атындағы жалпы орта білім беретін мектебі ғимараты жаңадан салынып, Конституция  мерекесіне орайластырып қолданысқа берілгелі отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының «үш ауысымды және апатты мектептердің санын азайту керек» деген тапсырмасына сәйкес жаңа мектеп бой көтерді. Білім ордасы халық игілігіне қызмет етсін», — дей келе өңір басшысы мектеп ұжымына теледидар сыйлады.

Келесі құттықтау сөз кезегі ауыл жанашыры, қоғамдық кеңес мүшесі, ардагер ұстаз Өтеп Төлеуұлына берілді. Сонымен бірге аталмыш мектепті 1984 жылы бітірген түлектер атынан сөз алған облыстық «Aqjaiyq» телеарнасының тілшісі Ақболат Мұстажапұлы құттықтау лебізімен қатар мектеп оқушыларына спорттық киімдер мен құралдар тарту етті.

Заман талабына сай жабдықталған мектепте оқушылардың сапалы білім, саналы тәрбие алуына, қосымша түрлі үйірмелермен қамтылуына толық жағдай жасалған. Мектептің символикалық кілтін «Альтаир» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мердігерлік компаниясының директоры Нұрлан Ақылбекұлы мектеп директорына табыс етті.

Салтанатты лента қию рәсімін облыс әкімі Нариман Төреғалиұлы мен ардагер ұстаз Альфия Сабырқызы және ауданның құрметті азаматы Нағым Ризуанұлы жүргізді.  Одан әрі Нариман Төреғалиұлы мен келген қонақтар назарына «Мен оқыған 30 кітап» жобасы таныстырылып, өнерлерін ортаға салған мектеп оқушыларына қазақ жазушыларының кітаптары сыйланды.

Салтанатты шарада батырдың ұрпақтарымен бірге оның кеудетұғырына гүл шоқтары қойылып, рухына тағзым етілді.

 

Qazaq.today