Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында ел дамуының болашақтағы бағыттарын айқындады.
Сол бағыттардың ішінде ауыл шаруашылығы саласын дамытуға байланысты негізгі мәселелерге ерекше тоқталды.
Qazaq.today тілшісі Президенттің жолдауында айтылған мәселелерге қатысты «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Басқарма басшыларының пікірін тыңдады.
«Мәселен, Президент Агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция тарту – өте маңызды міндет екенін алға тартты. Бұл сала мемлекеттің қаржысына ғана иек артып отырмауы керектігін жеткізді. Ол үшін коммерциялық банктердің қаражатын да тарту қажеттігін тілге тиек етті. Диқандарға өсімі аз несие беру үшін мемлекеттік қаржы институттарын субсидиялау шаралары қолға алынғанын және банктер осындай тәжірибені қолдануы керектігін ескертті. Бұл өте дұрыс ұсыныс деп есептеймін. Өйткені бұл шаруалардың қажетті қаражатқа тез арада қол жеткізулеріне, несие алуды оңтайландыруға жол ашатын тиімді механизм болады», -деді «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Мұрат Ысқақов.
Сонымен қатар Президент ауыл шаруашылығындағы тағы бір өзекті мәселені дөп басып айтты. Мысалы, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді игермей отырғандар бар. Оны не өзі пайдаланбайды, не өзгеге бермейді. Қазіргі уақытта пайдаланылмай жатқан жерлер мемлекет меншігіне қайтарылуда, бірақ бұл жұмыс әлі аяқталған жоқ. Жеңілдікпен несие алып, шаруашылықпен айналысқысы келетін ауыл азаматтары жер мәселесімен бетпе-бет келеді. Осы мәселені жылдамдатып шешуді Президент шегелеп тұрып тапсырды.
«Бұл тұрғыда Мемлекет басшысы «Бізге мұндай жер иелерінің қажеті жоқ. Үкімет пен Бас прокуратура оларға қатысты мәселені мықтап қолға алуға тиіс» деді. Ауыл шаруашылығын дамыту үшін алдымен жер мәселесін шешу жұмыстарын тиімді жүргізу керек деп есептеймін. Мемлекет басшысы су шаруашылығы мәселесімен мұқият айналысу қажеттігін де айтты. Еліміздің оңтүстік өңірлерінде су тапшылығы жыл сайын сезіледі. Осы орайда шаруалар суды үнемдеп пайдалану технологияларын қолданулары тиіс. Қазіргі уақытта тамшылатып суару, жаңбырлатып суару сияқты үнемді әрі тиімді тәсілдерді пайдаланатын фермерлердің саны көбейіп келеді. Болашақта жаппай осындай тәсілге көшу мәселесі мемлекет тарапынан да қолдау табуы тиіс деп есептеймін.
Бір сөзбен айтқанда, Президент осы жолғы Жолдауында еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал ететін ауыл шаруашылығы саласына ерекше назар аударды. Жолдауда жүктелген міндеттер орындалып, ілкімді істер қолға алынады деп сенемін», — деді Мұрат Ысқақов.