Жетісу облысында қоғам белсендісін қудалау басталған. Кербұлақ ауданы әкімінің қос орынбасары жұмыс уақытында ішімдік ішіп, кафеде отырған. Қоғамдық белсенді Күнсұлу Мүлкібаева отырыстың үстінен барып қалып, шенеуніктерді қуып жүріп видеоға түсіріп алған еді. Енді шенділер қоғам белсендісін айыптап жазатын пікір қалыруды ұйымдастырып жатыр, деп хабарлайды Qazaq.today.
6 қыркүйекте дәмханалардың бірінде мәслихат депутаты Ләззат Тұрлашев және Жетісу облысына қарасты Кербұлақ ауданы әкімінің қос орынбасары Дәурен Жолжанов, Нұрлан Әбденов кездескен. Ал сарыөзектік белсенді Күнсұлу Мүлкібаева олардың үстінен түскен. Содан ол бірден камерасын қосып, шенеуніктер отырған стол басына жетіп барады.
— Міне, жұмыс уақытында замдар отыр. Екі зам бірдей отыр, міне. Бүгін – 6 қыркүйек. Қазір 102 шақырамын. Қандай әдемі отырыс? Қараңыздар, Әденов отыр. Ешқайда кетпейсіздер! Неге қашасыздар? Арақ, пиво, коньяк… Ұсталдыңыздар! Бірінші зам Нұрлан аға, — дейді әйел.
Шенеуніктер орындарынан тұра қашады. Белсенді үстел басына қайта оралып, дастарханда шынымен ішімдік толы екенін көрсетеді. Сол мезетте 102 бойынша шақырылған полицейлер де келеді. Бірақ олар шенеуніктердің әрекетіне қатысты ешқанда арыз-шағым, заңбұзушылық тіркемеген.
Ал Кербұлақ аудандық Ішкі саясат бөлімінің бастығы тарапынан қоғам белсендісінің әрекеттерін айыптап жазатын түрлі пікір қалдыру туралы бұйрық түскен. Гүлмира Бекбатырованың бұйрық түріндегі аудиосы мен жазбасы тарап кетті. Күнсұлу Мүлкібаева жұмыс уақытында, әрі әр бейсенбі сайын тазалық акциясын ұйымдастыратын аудан басшыларының әректетіне де қарсы шыққан. Мүлікбаеваның сөзінше, өзіне қарсы науқан ұйымдастырып жатқан аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы.
«Шұғыл!!! Мынаның астына комментарий жаздырыңыздар. Бұл деген Президенттің саясатына қарсы өзінің елінің халық жауы ….. Өзі таза адам болмаған соң осындай теріс пікір, жаман ниетті дейсіздерме айтып айтып жаздырыңыздар. Не оттап тұрсың, аузыңды жап ауданнан көшіреміз дейсіздерме….Мына менің жазғаным Үлгі. Бір жерге шығып жүрмесін.
Содан кейін кешегі 2-5 қыркүйекте ауыл чаттары бойынша сағат 9-00ге дейін қол қойып жіберіңіздер!!!!
Әкімдер!!! Штаб группасына жазып отырсыздар, мына группаға да көңіл бөліңіздер. Қазіргі саяси науқан кезінде. Мен үшін емес өздеріңіздің ертеңгі абыройларыңыз. Мұқият қарап қойыңыздар!!!!!
Асқар Оңғарұлы! Сіздің ауылда қанша чат бар? Қандай негатив шықты сағат 9-00ге беріңіздер. Облысқа жібереміз», — делінген жазбада.