Парламент Мәжілісіне бірмандатты мажоритарлық жүйе бойынша ең көп кандидат тіркелген. Алайда Парламентке сан емес, сапалы адамдар бару керек. Жетісулық академик жерлестеріне кандидаттарға дауыс берерде аса сақ болуды, елдің мүддесін ғана ойлайтын азаматтарды таңдауға кеңес берді, деп хабарлайды Qazaq.today ақпараттық агенттігі.
Академик Еренғайып Омаровтың сөзінше, алдағы уақытта жасақталатын жаңа Парламентке артып отырған жүк ауыр. Әсіресе білім саласында шешімін таппаған мәселе шаш етектен.
«Таяуда Парламент депутаттарының сайлауы өтпек. Парламент деген елдегі негізгі ұйым. Кейбір мемлекеттерде барлық билік Парламентте. Бізде сондай мемлекетке айналатын шығармыз деген үміт бар. Жаңа депутаттарға үміт артып отырмыз. Келген депутаттар халыққа қызмет істеу керек. Көбісі сайланып алады да, Үкімет «Сайлаған халқыңа барып кел» деген кезде ғана орнынан қозғалады. Әйтпесе, халықтың уәжіне жиі құлақ аспайды, кейбірінің оған құлқы да жоқ. Тіпті қолынан келмейтін кісілер де бар. Екі сөздің басын қоса алмайтындар да, қазақша сөйлей алмайтындар да бар. Сондықтан Мәжіліске жаңа тұлғалар келсе екен деймін. Бұрын депутат болғандардың керегі жоқ. Олар өздерінің жағдайын қалай жасағаны, қандай жолмен байлыққа жеткені күмәнді. Қазір жаңа сайланатын депутаттар толқынына сенім мол», — деді академик Еренғайып Омаров.
Қайнар академиясының президенті жетісулық сайлаушыларға өзінің ойын жеткізіп, бірмандатты округ бойынша сайлауға түсіп жатқан Саят Нюсуповке дауыс беруге шақырды. Оның сөзінше, кандидат тек өңірде ғана емес, республика көлеміндегі ауқымды мәселелерді шешіп, қолынан іс келетінін әлдеқашан дәлелдеген.
«Саят Нұрмұхамедұлы іскерлігіне көзім жеткен соң қолдау керек деп санаймын. Ол халықты тыңдай алатын, берген уәдесін орындай алатын азамат. Оған өзім де куә болдым. Үміткер халықпен кездесуден ешқашан қашқан емес, халықтың айтқанын бірден түсінеді. Оның іскерлігі, халыққа деген сүйіспеншілігі, білімі жоғары деңгейде. Оның ғылымда сіңірген еңбегі бар. Мен Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының вице-президенті ретінде оның талай ғылыми жетістіктерін көрдім. Бастаған ісін орта жолдан тастап кетпей, түбіне дейін жеткізуге, жаңа бағыттарды анықтауға тырысады. Бұл өте маңызды қасиет. Бұрынғы ғылымды білгенін жақсы, сондай-ақ жаңашылдыққа да құмар болуың керек. Қазір ғылымды жалғыз жасау өте қиын. Ал үміткер жанына жастарды жинай алады. Ол ең мықты университет атанған Мәскеудегі Ломоносов университетінің заң факультетін бітірген, сондықтан заң саласындағы білімі өте терең. Оның үстіне сөзге шебер, қазақшасы шұрайлы, халыққа түсінікті тілмен сөйлейді», — деді академик үміткер жайында.
Парламент Мәжілісіне бірмандатты жүйе бойынша додаға түсіп жатқан үміткер Ақсу ауданына қарасты Қапалы өңірінен шыққан. Ал Жетісу облысында жер, су, халықтың әлеуметтік тұрмыстық мәселелері әлі күнге толық шешілмеген. Халықтың қордаланған проблемаларының көбі Парламенттегі депутаттардың белсенділігіне тікелей байланысты.
«Бұл Парламентке жұмыс істеуге бейім депутаттар бару керек. Парламентке келетін кісілер жүрегінде оты бар, жанып тұруы керек. Парламент халыққа пайдалы заңды қабылдай білуі керек және оның жұмыс істеуін тексере де білуі керек. Заңды қабылдар алдында халықпен, өзі сайланған облыс тұрғындарымен ақылдасуы керек. Халықтан сұрауы керек. Жетісу өңірінің де мәселелерін кандидат өте жақсы біледі. Мен жерлестеріме Саят Нюсуповке дауыс берсе облыстағы мәселелер шешіледі деп айтар едім», — деді ҚР Ұлттық Жаратылыстану Ғылымдары Академиясының вице-президенті Еренғайып Сәліпұлы.
Материал ақысы Саят Нюсуповтың жеке сайлау қорынан төленді.