Жетісу облысында мектеп директоры бұрынғы жұмысшысын сотқа беріп, қомақты қаражат өндіртіп алатын болды деп хабарлайды Azattyq Ruhy-қа сілтеме жасаған Qazaq.today ақпараттық агенттігі. Кербұлақ ауданындағы даудың шыққанына екі жылдан асты. Аудан орталығындағы Күреңбел орта мектебінде еден жуған кіші қызметкер Ұлболсын Қыстаубаеваның мәлімдемесі өзінің сотқа тартылуына себепкер болған. Ол мектеп директорына ұзақ жыл жалақысынан ай сайын ақша беріп келгенін айтқан еді. Сөзінше, басшылық «айлығымен бірге артық ақша аудартып, оны кейін қолма қол алып отырған». Мектептің тазалығына жауапты әйелдің сөзінше, бұл процесс бес жылға жалғасқан.
«Тағы да айтам, менен ақша алып отырғаны рас. Ай сайын 12 мың теңге беріп отырдым. Банк карточкама артық ақша жіберткізеді де, оны кейін жинап алады. Мектептің артқы есігі арқылы апарып беріп жүрдік. Даудан кейін мен ол мектептен кетіп қалдым. Қазір басқа жерде жұмыс істеп жүрмін», — деді Сарыөзек кентінің тұрғыны Ұлболсын Қыстаубаева.
Арадағы даудан кейін мектеп директоры да, еден жуушы да орындарын босатқан еді. Білім бөлімімен де, қоластындағы қызметкерімен де дауласқан директор ақыры сотта жеңіп шықты. Ар-ұжданыма нұқсан келді, жала жапты деген директор еден жуушы әйелден 3 миллион теңге өндірмек болған. Алайда, Кербұлақ аудандық соты мектеп басшысының талабын жартылай қанағаттандырды.
«Ұлболсынның мәлімдемесінен кейін қоғам шулап кетті. Сол кезде мен бұл адамды сотқа бердім. Мен өзімнің ондай нәрселерді жасамағанымды дәлелдеуім керек болды. Сотқа арыздандым да, ақталдым. Барлық құжаттар тексерілді. Ол адам да, куәгерлер де сотқа шақырылды. Сонымен сот менің пайдама шешім шығарды. Үш миллион теңге моральдық өтемақы талап еткен едім, сот 600 мың теңге өндіртуге шешім шығарды. 300 мың теңге моральдық өтемақы болса, тағайындалған сараптамаларға жұмсалған тағы 300 мың теңге бар. Сот осыларды өндіріп алуға шешім шығарылды. Қолымда соттың шешімі тұр. Екеуміздің де тегіміз бір болғанмен, ешқандай туыстық байланысымыз жоқ», — деді мектептің экс-директоры Кәмшат Қыстаубаева.
Директордың пайдасына шешілген соттың қаулысы күшіне де енген. Бас мұғалімге қатысты өзге де дау-дамай тоқтамаған соң 120 мұғалімі бар мектепті басқарудан Қыстаубаева босатылған. Бірақ кейін тағы да сот арқылы орнына келген Кәмшат Болатханқызы енді аудандық білім бөлімімен басқа мәселе бойынша соттаспақ. Ал, небәрі 50 мың теңге ғана айлығы бар еден жуушы директорға төлейтін ақшам жоқ деп отыр.
«Бұл әділетсіздік, ақша төлемеймін. Мен сотқа болған жағдайды айттым да, кетіп қалдым. 600 мың теңге тұрмақ 60 теңге төлеуге шамам жоқ. 12 немерем бар. Жалақым 50 мың теңге ғана. Осыншама ақша төлеттіруге шешім шығаруы әділетсіздік деп санаймын. Соттасып жүруге де, адвокат жалдауға да шамам жоқ», — деді еден жуушы.
Ал, бүгінде №49 мектепке басшы болып ауысып кеткен Кәмшат Қыстаубаева соттың шешімі бойынша 600 мың теңгені төлеттіруге мұқтаж емеспін деп отыр. Оның сөзінше, ақшадан бұрын әділдікке жету басты мақсаты болған.