Жетісу облысында алты баланың анасы ажал құшты

Ескелді ауданының орталығы Қарабұлақ ауылында алты баланың анасы кісі қолынан көз жұмды. Қылмыстық іс қозғалып, күдікті ұсталды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы Жетісу облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап. 

Аталған жағдай туралы Instagram желісіндегі парақшалардың бірі хабарлады. Онда 6 баланың анасы көз жұмғаны айтылған.

Көп балалы ананың өлімі туралы ақпаратты Жетісу облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі растады.

Ведомство өкілдерінің хабарлауынша, Ескелді аудандық полиция бөлімі ішімдік ішу кезінде болған адам өлтіру фактісі бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр.

«Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу барысы полиция департаменті басшылығының жеке бақылауында», — деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.