Жаңа Қазақстанда пайда болған “Жаңа адамдар” қозғалысының бүгінде ауыз толтырып айтарлықтай нәтижелі жұмыстары көп. Құрылғанына көп болмаса да кеудесінде от ойнаған жастарымыз біраз мәселенің бетін ашып көрсетті. Бұл туралы “Жаңа адамдар” қозғалысының мүшесі «ARMAN ABDOLLA» YouTube каналына берген сұхбатында айтты.
Қозғалыс мүшесінің сөзінше, “Жаңа адамдар” жеті жыл бойы шешімін таппаған мәселені көтеріп, нәтижеге жеткен.
“Біз осыған дейін атқарған жұмыстардың ішінде ең үлкен үшеуі бар. Солардың бірі — “Шелек Шабытты құртады” деп аталады. Еліміздің бетке ұстар Казақ Ұлттық өнер университеті тура айтқанда “дуршлаг” сияқты күйде болды. Оған дәлел басты холда тұрған төбеден аққан судың тамшысын жинайтын жүзден аса шелек. Ал көндіккен студенттер мен оқытушылар сүрініп-шалдықса да осы шелектердің арасымен жүруге мәжбүр. Бұл жағдай жеті жылдан бері шешімін таппаған”.
Қазақ Ұлттық өнер университетінде көптен күткен жөндеу жұмысының басталуы дәл осы “Жаңа адамдар” қозғалысының арқасында жүзеге асқанын бірі білсе, бірі білмейді.
“Біз еліміздегі басты Өнер университетінің “дуршлаг” сияқты күйіне көз жұмып қарай алмадық. Болашақ әншілеріміз бен музыканттарымыздың, жұлдыздарымыздың шелектерден аттап жүруін дұрыс емес деп санап, ең бірінші флешмоб ұйымдастырдық. Елуден астам флешмобқа қатысушы қолымызға шелек ұстап, “Шелек Шабытты құртады”, деп ұрандаттық. Бізді университет күзетшісі байқап қалды. Ол студенттердің бірін ұстап алып, оған сес көрсетуден де тайынбады”.
Қозғалыс мүшесінің айтуынша, университет студенттері бұл мәселені ашып көрсете алмағандықтан, бұл істі өз қолына алған.
“Өзім ол университеттің студенті емеспін. Бірақ Шабытта оқитын бірнеше досым бар. Олар жоғарыдағы мәселе туралы айтуға бата алмайды. Өйткені олардың бағасын төмендетіп, оқудан шығарып жіберуі мүмкін. Ал мен қозғалыстағы адам ретінде бұл мәселені көтере аламын, маған тікелей төніп тұрған қауіп жоқ”.