«Жерімізді тартып алып, шенділерге үй салып берді»: Түркістан тұрғындары әкімдік пен соттың «заңсыз әрекетін» әшкереледі

Түркістандық ондаған тұрғын жергілікті биліктің «былығын айтып» редакциямызға шағымданды. Олардың айтуынша, осыдан 15 жыл бұрын заңды түрде алған жер телімдерін әкімдік тартып алыпты. Жалпы, Түркістан облыс орталығы болған 3-4 жылдан бері қалада жер дауы көбейіп кеткен.

Әкімдік «мемлекеттің қажеттілігі» үшін деген талаппен кезінде өзі берген жерлерді қайта тартып алған. Тұрғындар салып қойған үй-жайын бұзуға мәжбүр болған. Халықтың қолында жер телімін беру туралы әкімнің қаулысы, жердің актісі, сол кездегі комиссияның шешімі сынды құжаттардың бәрі бар. 2007 жылы берілген жер телімдерінің құжаттарын Әділет департаменті де тіркеген. Алайда, арада 14-15 жыл өткенде әлгі құжаттардың бәрі заңсыз болып шыға келген.

«Бұл аумақ кезінде иен дала еді. Ағайындарымызбен бірге жақын отырайық деп 5 жер телімін алғанбыз. 2007 жылы әкімдік бізге жердің мемлекеттік актсін мүлікті заңдастыру туралы үкіметтің сол кездегі қаулысына сай жасатып алыңдар деді. Сонымен барлығын заңдастырып, мемлекттік акт берген. Енді арада 15 жыл өткенде әлгі құжаттарың заңсыз, жерді мемлекетке қайтарыңдар деп жатыр. Тапқан сылтауы: жер комиссиясы шығарған шешімнің көшірмесі архивке өтпеген дейді. Ол мемлекеттік мекемедегі қызметкерлердің жұмысы, қарапайым тұрғын әр құжатты архивке апарып, кітапшаға тіркеп жүрмейді, ондай талап болмаған ешқашан. Бұл облыс әкімдігінің тапқан сылтауы. Сотқа әрқайсымызды жеке-жеке шақыртып, белден басып, сот заңсыз шешім шығарып жатыр. Бастаған құрылысты осылай тоқтатып қойдық. Мемлекеттік мұқтаждығы үшін аламыз десе, бізге басқа жақтан жер берсін немесе мүліктің құнын төлесін. Әкімдік күшпен тартып алып, тегін алғысы келеді. Бізден тартып алған жерге құны 200 млн теңге тұратын коттедждер салып, сатпақ. Қымбат, зәулім ғимараттарды лауазымды тұлғаларға қызметтік үй деген сылтаумен тегін беріп жатыр. Мына қатар тұрған виллалар қызметтік үй есебінде облыстық соттың төрағасы, облыс прокурорына, антикордың басшысына, комитеттің төрағасына берілді. Яғни, бізден тартып алған жерлер ешқандай да мемлекеттің мұқтаждығы үшін емес, жеке адамдардың игілігі үшін пайдаланылған. Неге мектеп, аурухана, балабақша салмайды? Біз облыстың әкіміне қалтаңнан қаржы төле деп тұрғанымыз жоқ, заңды жеріміздің мәселесін реттеп берсін. Халықтың осылай босып жүрегіне облыс әкімінен бастап сол әкімдікте жүрген шенеуніктің бәрі кінәлі», — деді Түркістан қаласының тұрғыны Әлмұхамбет Айменов.

Халықтың пікірінше, қалада жер күрт қымбаттап, құрылысы қарқын алған сәтте әкімдік олардың мүлкіне көз салған. Жер телімінің нарықтағы құны қазір Түркістанда он миллион теңгеден кем емес. Жерді қайтарту туралы уәждері де қисынсыз, ақылға сыймайды деп санайды ашынған ел. Яссы ауылдық округі кезінде қаланың шет жағынан 245 тұрғынның әрқайсысына 10 соттықтан жер беріпті. Түркістан облыс орталығы болған сәтте әлгі аумақ қаланың ортасында қалып, таптырмас орындардың біріне айналып шыға келген. «Жібек жолы» саябағына тиіп тұрған аумақта қазір бірнеше отбасы тұрып жатыр. Электр сымын да өздері тартқызып, жолға да өздері тас төккен.

«Бес балам бар. Өзімнің және қайын сіңлімнің атында екі жеріміз болған. Құжаттарыңның түп нұсқасын өткізіңдер, өтемақсын төлейміз деді. Менің атымдағы жерге үш айдан кейін 4 млн 192 мың теңге төледі. Қайын сіңіліме төлемеді. Екі жердің құжаты бірдей, біреуіне өтемақы төленеді, екіншісіне неге төленбейді деп сұрадық? Жауап жоқ. Ол ол ма, бір жылдан кейін әкімдік маған берген өтемақыны кері қайтаруымлды талап етті. Бұл енді нағыз бассыздық. Жерді әу баста дұрыс бермеген дейді. Енді менің атымда осы жер шығып тұрғандықтан баспана кезегіне де тұра алмай келем. Жерімнен де айырылдым. Бізді Түркістан облысының әкімдігі әбден шаршатты. Бармаған жеріміз, кірмеген есігіміз қалмады. Ешқандай өзгеріс жоқ», — деді көп балалы ана Ырыстықыз Қошқарова.

Халық кезінде мүлкін заңдастыру үшін Түркістан қаласы әкімдігінің «Жер қатынастары бөлімі», «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы, «Жер кадастры және жылжымайтын мүлік бойынша Түркістан қалалық бөлімі» сынды көптеген мемлекеттік мекемелердің рұқсат құжатын жинап, соңында мүлкін Әділет департаментіне де тіркеткен. Ең бастысы, мүлікті заңдастыру үшін түрлі мемлекеттік лауазымды тұлғалардан құралған комиссияның шешімін де алған. Бірақ «Түркістан облысының жер инспекциясы басқармасы» ММ талап арызы бойынша өтіп жатқан сотта судьялар халыққа мемлекеттік мекемелердің өздері жасап берген құжаттарының күшін жойып, халықты мүлкінен айырып жатыр.

«14 жылдан кейін сот заңдастыру комиссиясының шешімі Кентау қаласындағы архивке өтпеген, құжаттарың жалған деп, менің жерімнің, үйімнің барлық құжаттарын нөл қылды. Жасанды құжат екенін дәлелдеу үшін сараптамадан өткізу керек. Зерттеусіз жалған дегендері ақылға қонымсыз, дәлелсіз. Мұрағатқа комиссияның шешімін әкімдіктің қызметкерлері өткізеді, олардың жұмысқа салғырт қарағаны үшін неге тұрғындар жапа шегуі тиіс? Мына үйді қанша жыл жүріп салдық. Құжаттарымның бәрін нөлге шығарды. Мен бірінші соттан жеңілдім. Яғни, үйіңді бұзып алып, көшіп кете бер дегенге келтіріп тұр. Өтемақы да төленбейді», — деді Шілдехана көшесінің тұрғыны Ләззат Малдыбекова.

2018 жылы өтемақы төлеу туралы Түркістан қалалық әкімдігінде арнайы қаулы да шығыпты. Бірақ ол орындалып жатқан жоқ. Сондықтан, облыстық әкімдік пен сот халықты ашық түрде билікке қарсы қойып отыр деп санайды тұрғындар. Жергілікті биліктің ешқайсысы тұрғындардың зарына зер салмаған. Әкімдіктің талабын шетінен қанағаттандырып жатқан сот сараптама да жүргізбеген көрінеді.

Кезінде халықтың құжатын ресімдеген нотариусың жұмысын, Түркістан қаласы әкімдігі жанындағы мүлікті жария етуді өткізу жөніндегі комиссиясының шешімін және жер телімін сату-сатып алу келісім шартын жарамсыз деп таныған. Күтпеген жерден мүлкінен айырылып, сот табалдырығын тоздырып жүрген тұрғындар әкімдіктің бұл әрекеті халықты ашындыру деп санайды. Комиссияның шешімін қадағалау қарапайым тұрғындардың құзырында емес. Сондықтан комиссияның шешіміне бола елді мүлінен айыру туралы қаулы шығаруға дәйек пен дәлелдер жеткіліксіз. Құжаттрады кітапшаға уақытылы және дұрыс тіркемесе оған халық жауапты емес.

«Рақымшылық жасау туралы заңның талаптары өрескел бұзылып отыр. Жер телімдерін жария ету туралы ереже, құқықтық актлер жайлы заңның талаптары және жер кодексінің талаптары бұзылып отыр. Оны бұзып отырған Түркістан қалалық әкімдігі, Жер қатынастары бөлімі және Түркістан облыстық жер инспекциясының лауазымды тұлғалары. Әкімдік пен оған қарасты жер қатынастары бөлімі сотта жауапкер бола тұра, өздері арызға негіз болып отыр. Олардың әрекеті жемқорлықпен ұштасып жатыр. Ол қылмыстық кодекс аумағында тексерілуге жатады. Ең сорақысы – жергілікті әкімдіктің заңсыз шешімін өзінің заңсыз қаулысымен бүркемелеп отырған соттың әрекеті. Сот елді меншік құқығынан айыру арқылы өрескел заң бұзушылыққа барып отыр. ҚР заңнамаларына қатысты Түркістан өңіріндегі мемлекеттік органдарындағы лауазымды адамдарының сауатсыздығының салдары, не болмаса әдейі ұйымдастырып отырған құқықтық нигилизмнің салдары. Олардың алдында бір ғана мақсат – елдің жерін қалайда тартып алу. 2018 жылдың «1626» санды қаулының талабын орындамау, мүлікті бағаламай, өтемақсын төлемей, сот қаулысы арқылы күштеп тартып алу. Бұлардың әрекеті мемлекеттің жүргізіп жатқан саясатына кереғар. Бұны мен әкімдік пен соттың ымыраласуы деп айтар едім. Өйткені, әкімдік мынандай бейбастыққа барғанда соттың өздерінің мүдделеріне шешім шығаратынына сенімді. Сот процестерінде іске обьективті қарау деген мүлдем жоқ. Тағыда атам өтем, Түркістан қалалық әкімдігі, Түркістан облыстық әкімдігі, Жер қатынастары мен облыстық жер инспекциясы елді ашындырып отыр. Конституциямен қорғалған халықтың меншігіне сот неге нұсқан келтіреді? Сот облыс әкімінің қарамағындағы бір бөлімі сияқты жұмыс істеп отыр. Бұл қолдан ұйымдастырған дау. Жерді осылай заңсыз мәжібүреп алуға негіз болып отырған лауазымды қызметкерлердің сауатсыздығы, не осы бағытта тікелей нұсқаудың болуы. Әкімдіктің қызметкерлері сауатсыздық танытса, олардың талабын қанағаттандырып отырған сот жүйесіне не айтуға болады? Бұл тағы да сауатсыздық, құқықтық нигилизм. Бұл былыққа облыс әкімі мен облыстық соттың төрағасы тікелей жауап беруі тиіс. Заң мен биліктің сенімінен халықты айыру нағыз қаскөйлік», — деді тұрғындардың адвокаты Жамила Төленова.

Түркістан қалалық әкімдігінің мәліметінше, Бас жоспарға сәйкес «Жібек жолы» саябағы маңынан 266 жер телімі анықталып, оларды мемлекеттің мұқтаждығына қайтару туралы шешім қабылданған. Осы күнге дейін 180 адамға өтемақы төленсе, соттың шешімімен 5 адамның өтемақысын кері қайтару туралы жұмыс басталған. 50 жер учаскесінің иесіне қатысты іс сотқа жіберіліп, тағы 3 адамның жері бұғатталған. Алдағы уақытта қалған 28 жер телімінің иесіне өтемақы төленбек. Даулы аумақ толықтай мемлекет меншігіне өткен соң көпқабатты тұрғын үйлер салынады.

10