Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің ғалымдары 2025 жылы Қытайдың Солтүстік-батыс политехникалық университетімен бірлесіп ғарышқа микроспутник ұшырмақ. Бұл ортақ жұмыс өз кезегінде ғарышты зерттеуге, аталған салада білікті мамандарды даярлауға, ортақ нано және микроспутниктерді әзірлеуге жол ашады. Яғни Жерді зерттеу жұмыстарын қашықтан жүргізуге мол мүмкіндік береді, деп хабарлайды Qazaq.today.
«Бұған қоса, оқу ордасының ғалымдары ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитетінен 4 млрд теңгенің мегагрантын жеңіп алған болатын. Батыс Қазақстан өңіріндегі стратегиялық маңызды міндеттерді шешуге бағытталған жоба үш жыл ішінде жүзеге асырылады. Осы уақыт аралығында мамандар аймақтың тұрақты экологиялық, әлеуметтік-экономикалық дамуы, су ресурстарын, жануарлар мен өсімдіктер әлемін сақтау және басқару мәселелерінде шешім жолдарын табады. Жоба аясында ҚазҰУ ғалымдары ағымдағы жылы батыс өңіріне барып, су тасқыны жағдайына байланысты арнайы зерттеу жұмыстарын жүргізген», — деп хабарлады университеттің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ биыл университет зерттеушілері 3 млрд теңгенің мегагрантына қол жеткізді. Яғни ҚазҰУ мамандары қазақ тілі мен технологиялық прогресті қолдауға арналған LLM тілдік моделін әзірлейді. Мақсат – қоғамның түрлі салаларына қазақ тіліндегі үлкен тілдік модельдерді әзірлеу және енгізу, бұл технологиялық прогреске ықпал етеді және мемлекеттік тілдегі онлайн қызметтерге қолжетімділікті кеңейтеді.
Жоба аясында ғалымдар ҚазҰУ базасында өнімділігі жоғары ғылыми-зерттеу дата-орталығын ашуды жоспарлап отыр. Жаңа нысан бүкіл елдің зерттеушілеріне озық жасанды интеллект технологияларын әзірлеу және енгізу үшін қажетті ресурстарды ұсынбақ.
«Оқу орнында «Farabi Hub» инновациялық өнімдер мен жоғары технологиялық жобалар орталығы жуырда ашылды. Жалпы ауданы 5 мың шаршы метрді құрайтын хабта креативті индустрия, жасанды интеллект, стартап жобалар жүзеге асырылады. Ғимарат заманауи үлгіде жасақталып, ерекше дизайнмен безендірілген. Мұнда әлемге белгілі ZTE, BASF, Binlin технологиялық корпорациясы мен басқа шетелдік компаниялардың орталықтары, университет базасындағы ғылыми-зерттеу институттары орналасқан», — деді ғылыми зерттеу орталықтарын аныстырған университеттің өкілдері.
Одан бөлек Дәрілік өсімдіктер ғылыми-зерттеу орталығы, Ми институты, «Робототехника және мехатроника RoboMech» ғылыми-білім беру орталығы, Биология және биотехнология мәселелері ғылыми-зерттеу институты, Сот сараптамалары орталығы, Ашық үлгідегі ұлттық нанотехнологиялық зертханасы мен Орталық Азиядағы тұрақты даму орталығының ғылыми жетістіктері мен инновациялық жобалары ұсынылды.
Сондай-ақ ҚазҰУ-дың ZTE, BASF, Binlin корпорациясымен бірлесіп жүзеге асырып жатқан жұмыс нәтижелері көрсетілді.
ҚазҰУ ғалымдары құны 32 млрд теңгені құрайтын 400-ге жуық жобаны жүзеге асырумен айналысып жатыр.