Жетісу облысының орталығы Талдықорған қаласында бюджеттің миллиардтаған қаржысы жұмсалған коттедж қалашығының құрылысы аяқсыз қалған. Қазіргі уақытта құрылыс тоқтап, нысан қаңыраған күйде тұр, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Бұл туралы Письма Президенту телеграм-арнасы жазды.
«Талдықорғандағы миллиардтаған ақшасы бар коттедждер қауымы ірі жемқорлықтың жергілікті ескерткішіне айналды. Қала әкімі Ернат Базыл бюджет қаражатының ұрлануы мен үйлерді қалпына келтіру жұмыстарының барысы туралы айтты. Бұл қалашықты салуға бастамашы болған облыстың бұрынғы әкімі Амандық Баталов, әрине, ол да істен қалыс қалды», — делінген хабарламада.
Сондай-ақ, бейнежазбада құрылыстың дұрыс жүргізілмегені, нысан құлаудың сәл-ақ алдында тұрғаны да айтылады.
Видео авторы үлкен планда алған көріністе, расында, кірпіштің арасында сылақ жоқ екенін байқауға болады. Целлофан оралған шатырдың асты да «уілдеп тұрғаны» білінеді. Видео түсіруші екінші қабаттың едені құйылғанмен, бірінші қабаттың астын «топырақпен ұрып жатқанын» айтады.
Талдықорған қаласының әкімі Ернат Базылдың айтуынша, құрылыс нысаны 2013 жылы басталып, содан кейін әкімдікке тапсырылған.
«Нысанның құрылысы 2013 жылы басталып, содан кейін әкімдікке тапсырылды. бірақ ең қызығы ешқандай құжатсыз, толық мәліметсіз берілді. Тек құрылыс нысанының суммасы ғана жазылған. Болды. Не құрылысты қандай компания салғаны, не техникалық құжаты жоқ. Сонымен қатар құрылыс орнында көптеген құрылыс заттары ұрланған. Енді нысанды аяқтау үшін, басқа компания қарастырып жатырмыз. Қазіргі уақытта тексеріс жүргізіліп жатыр», — деді әкім.